Президент Жолдауынан кейін "Қайраттан" басқа клубтар жабыла ма?

2 Қыркүйек 2020, 14:31
2452
Бөлісу:
Президент Жолдауынан кейін "Қайраттан" басқа клубтар жабыла ма?
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арналған жолдауында спорт клубтарын бюджет есебінен қаржыландыруды доғару керек деп айтты.

Мемлекет басшысының осы айтқаны орындалып жатса, елімізде спорт клубтарының барлығы жабылуы мүмкін бе?

Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдаудағы айтқаны мынау:
Өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне назар аудару қажет. Еліміздегі қаржы тапшылығының жағдайында кәсіби спорт клубтарын толығымен мемлекет есебінен қамтамасыз етудің қажеті жоқ. Мемлекет пен квазимемлекеттік компаниялардың бюджетінен миллиардтаған теңге тиімсіз жұмсалып жатыр, - дейді Тоқаев.
Мемлекет басшысы осы ретте бұқаралық спортқа, дене шынықтыру мен балаларға басымдық берілуі тиіс екенін атап өтті.

Әрбір облыста, ірі орталықтарда спорт секцияларын ашу керек. Жас өрендерге шығармашылық пен қолөнер негіздерін меңгере алатын балалар үйірмелерінің қызметін жандандыру қажет. Қазіргі заман ағымы балалар үшін соншалықты қауіпті, олардың энергиясы мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау керек, - дейді Президент.
Мемлекеттік бюджеттен ең көп қаржы алатын кәсіби спорт клубтары дегенде бірінші кезекте "Барыс" хоккей клубы мен футбол командалары еске түседі.

Өйткені көпшілік футболды айтып, хоккейді көбіне ұмытып кетіп жатады. Шынын айтқанда, "Барыстың" бюджеті тіпті "Астана" мен "Қайрат" футбол командаларынан да жоғары болып келді.

"Барыс" ҚХЛ-да ойнауын тоқтата ма?

"Барыс" хоккей клубы президент айтқандай, квазимемлекеттік сектордан қаржыландырылады. Яғни қаржы "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорынан бөлінеді. Өйткені "Барыс" бұған дейін елорданың спорттық бренд жобасы ретінде "Астана" президенттік кәсіби спорт клубының құрамында болды. Жақында бұл құрылымның тарайтыны айтылған. Мысалы, 2015 жылы "Астана" президенттік кәсіби спорт клубы қамқоршылар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған Дархан Қалетаев "Барыстың" жылдық бюджеті 45 млн доллар дегені бар. Сол кездегі курспен есептегенде бұл 8 миллиард теңгеден жоғары болатын. 

Одан кейін клуб бюджеті қысқара бастады. Былтыр Ресейдің "РБК-Спорт" сайты Қазақстан командасының бюджеті 600 млн рубль деп хабарлаған. Яғни 3,4 миллиард теңге. Ал жақында клуб "Барыс" клубының президенті Борис Иванищев бюджет 15 пайызға қысқарғанын мәлімдеді. 
Пандемияға байланысты бюджет 15%-ға қысқарып жатыр. Бізде жағдай қиын. Жаңадан ойыншылар алу мүмкін емес. Сондықтан өзімізде бар ойыншылармен өнер көрсете береміз, - дейді Иванищев.
"Барыс" бірнеше жылдан бері Ресейдің Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсетіп келеді. "Гагарин" кубогінде ширек финалдан асып көрген емес. Жылда легионерлерді топырлатып әкеліп жатқанымен, одан қазақ хоккейінің көсегесі көгергені шамалы. Тіпті, 90-жылдардағы нәтижелерімізді қайталай алмай жүрміз. Мысалы, 1998 жылы құрама капитаны Ерлан Сағымбаев бастаған жігіттер Жапонияның Нагано қаласында өткен Олимпиада ойындарында ширек финалға дейін жеткен. Былайша айтқанда, үздік бестіктің қатарына енді. Одан кейін 2006 жылы Николай Антропов бастаған құрама Италияның Турин қаласындағы Олимпиадаға қатысты. Меже – тоғызыншы орын. Сонымен болдық. Одан бері Олимпиаданың қарасын көрген жоқпыз. Әйтеуір әлем чемпионатында «лифтінің» рөлін атқарып жүрміз. Элиталық раундтан бір түсіп, бір көтерілу әдетке айналып кеткен.

ФУТ2.jpeg

Биыл ақпан айында елордада 2022 жылғы Олимпиада ойындарының іріктеу кезеңі өтті. Сонда Польшаны жеңе алмай пұшайман болдық.

Олимпиада ойындарының іріктеу кезеңіне Қазақстан сапында 13 легионер бақ сынады. Оның ішінде жетеуі – Ресейден келген. Олар: Егор Шалапов, Егор Петухов, Павел Акользин, Дмитрий Гурков, Никита Клещенко, Алексей Маклюков пен Дмитрий Шевченко. Екінші орында канадалықтар – Найджел Доус, Кертис Волк, Дастин Бойд, Даррен Диц және Джесси Блэкер. Одан бөлек, қақпашы Хенрик Карлссон Швецияда дүниеге келген. Ал кеңейтілген тізімге тіпті 16 Қазақстан азаматтығын алған келімсек енген болатын.

ФУТ1.jpeg

Бұрын этникалық қазақ неге аз деп жүрсек, осы күні Қазақстан топырағында туған ойыншылар азайып кеткеніне бас қатыратын болдық. Бұл жолы олардың саны тоғыз болды: қақпашы – Сергей Кудрявцев, қорғаушылар – Леонид Метальников, Валерий Орехов, шабуылшылар – Талғат Жайлауов, Никита Михайлис, Роман Старченко, Аркадий Шестаков, Евгений Рымарев, Антон Сагадеев.

Қазақстанның шайбалы хоккей федерациясын еліміздің премьер-министрі Асқар Мамин басқарады. Сонымен қатар, "Барыс" хоккей клубы қамқоршылар кеңесінің төрағасы да Асқар Ұзақбайұлы екені белгілі. Үкімет басшысы осы спорттың жанкүйері. Енді президенттің айтқанынан кейін "Самұрықтан" қаржыландыру тоқталатын болса, "Барыстың" ҚХЛ-дағы дәурені аяқталуы мүмкін. Бұған Асқар Мамин жол бере ме?

Жыры бітпейтін футбол клубтары

"Барыстан" кейін ең көп қаржыға ие ол - футбол клубтары. Қазір отандық командалардың арасында нақты жекелеген демеушісі бар жалғыз "Қайрат" клубы. Елге танымал отандық бизнесмен Қайрат Боранбаев осы клубтың қожайыны. Дегенмен, "Қайратта" басқалармен салыстырғанда көп болмаса да, жыл сайын Алматы әкімдігінен 1 млрд теңгеге жуық қаржы алып тұрады. Егер мемлекеттік бюджеттен мүлдем қаржыландыру тоқтатылатын болса, әрі қарай өмір сүруін жалғыстыруға қауқары бар жалғыз клуб та осы "Қайрат" қана болып тұр. 

"Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры "Барыстан" кейін миллиардтаған теңгені "Астана" футбол командасының есепшотына аударады.

Клуб президенті Михаил Гурманның айтуынша, "Астананың" бюджеті 10 миллиард теңгеге жуық.
Бұрын "Астанада" жұмыс істемеген кезімде маған да клубтың бюджеті 40-50 млн доллар көлемінде деп айтатын. Кейін өзім келгенде 9 миллиард 800 миллион теңге екеніне көзім жетті. Бұл қаржы кеңсе мен стадионды жалдауға, қызметкерлер мен футболшылардың жалақысын төлеуге және іссапар шығындарын өтеуге жұмсалады. Қосымша табыс көзі - УЕФА-ның еурокубок ойындары үшін төлейтін сыйақысы арасында трансферден түсетін қаржы. Ол ақшаны ойыншылардың сыйақысына және жаңа футболшылар сатып алуға жұмсаймыз, - дейді Михаил Гурман.

Мәжілістің өткен сессиясының соңғы жағында бір топ депутаттар үкімет басшысының атына сауал жолдағаны бар. Онда "Астана" клубының бюджеті 12 миллиард теңгені құрайды, Мәдениет және спорт министрлігінің берген мәліметі дұрыс емес деген. 
Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің деректері бойынша "Астана" клубының бюджеті 2016 жылы – 3 550 788 мың теңге, 2017 жылы – 4 613 603 мың теңге, 2018 жылы – 8 917 137 мың теңге болған. Бірақ біздің ақпарат бойынша, клубтың бір жылдық бюджеті 12 млрд теңгені құрайды, бұл комитет ақпараты шындыққа сәйкес емес, - деген сауалды Мәжіліс депутаттары С. Қаныбеков, Н. Әлтаев, У. Қайназаров пен А. Смағұлов жолдаған.
Бірақ премьер-министрдің жауабы Гурманның айтқанына ұқсас болып шықты.
Отандық футбол клубтарының көпшілігі жергілікті бюджет есебінен күн көреді. 2019 жылы әкімдіктер футболды қолдауға 34 млрд теңге жұмсады. Кейбір клубтарды ұлттық компаниялар немесе жекеменшік иелері қаржыландырады. Мысалы, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ АҚ 2019 жылы "Астана" клубын дамытуға шамамен 10 млрд теңге бөлді. Сонымен қатар, көптеген өңірлерде спорт шығындарының басым бөлігі футболдың үлесіне тиеді. Айтарлықтай нәтижелердің жоқтығына қарамастан, әкімдіктер футбол клубтарын перспективалары жоғары спорттың түрлерінен артық қаржыландырады. Коронавирус пандемиясы басталғанға дейін 2020 жылы жергілікті атқарушы органдардың спортқа тиесілі бюджетінің 22%-ын футболға жұмсау жоспарланды, - дейді Асқар Мамин.
Бірнеше жыл ұлттық құраманың негізгі қақпашысы болған Давид Лория егер мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру тоқтатылатын болса, отандық футболдың "жаназасын шығаруға" болады деп отыр.
Бәрі мемлекеттік қаржыландырудан бас тарту керек деп жатыр. Егер дәл бүгін солай жасайтын болсақ, отандық футбол мүлдем тоқтайды. Бір сөзбен айтқанда, "өледі". Бірақ клубтар мемлекеттік бюджетке ғана қарап отырмай, өздігінен табыс табуды үйренуі керек. Тәуелсіздік алғанымызға неше жыл болды. Сондықтан қол қусырып отырған дұрыс емес. Сосын футболды дамыту керек деп айтатындар көп. Жалпы, қалай дамытамыз? Футболды дамыту үшін жүйелі жұмыс керек. Барлығы ұсақ-түйектен басталады, - дейді Давид Лория.

Қазақстан премьер-лигасында ойнайтын клубтарға жергілікті әкімдіктердің 2019 және 2020 жылдары бөлген қаржысы:

                    2019 жылы

"Астана" (Нұр-Сұлтан) – 1,7 млрд теңге;
"Қайрат" (Алматы) – 892 млн теңге;
"Ордабасы" (Шымкент) – 5 млрд теңге;
"Қайсар" (Қызылорда) – 4 млрд теңге;
"Оқжетпес" (Көкшетау) – 1,9 млрд теңге;
"Тараз" (Тараз) – 1,2 млрд теңге;
"Атырау" (Атырау) – 1,9 млрд теңге;
"Ертіс" (Павлодар) – 1,2 млрд теңге;
"Ақтөбе" (Ақтөбе) – 2,4 млрд теңге;
"Шахтер" (Қарағанды) – 2 млрд теңге;
"Жетісу" (Талдықорған) – 3,3 млрд теңге;
"Тобыл" (Қостанай) - 3,1 млрд теңге.

                  2020 жылы

"Тобыл" (Қостанай) – 3,2 млрд теңге;
"Қайрат" Алматы) – 1 млрд теңге;
"Ордабасы" Шымкент) – 6,25 млрд теңге;
"Қайсар" (Қызылорда) – 2,7 млрд теңге;
"Оқжетпес" (Көкшетау) – 2,47 млрд теңге;
"Тараз" Тараз) – 1,4 млрд теңге;
"Каспий" - 2 млрд  теңге;
"Қызыл-Жар" (Петропавл) – 920 млн теңге;
"Шахтер" (Қарағанды) – 2,6 млрд теңге;
"Жетісу" (Талдықорған) – 3,3 млрд теңге.

Айтпақшы, 2020 жылы "Астана" клубы жергілікті әкімдіктен жылда алып жүрген 2 млрд теңгеге жуық қаржысынан қағылды. Әкімдік пандемия кезінде футболға қаржы құюдан бас тартқан. Сосын қаржы клуб бюджетіне тікелей аударылады немесе мемлекеттік сатып алу арқылы түседі. 
Павлодардағы былық
31 мамыр саяси қуған-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында Павлодардың "Ertis" клубы Қазақстан чемпионатына қатысудан бас тартты. Бұл жаңалық жанкүйерлерге және ойыншылардың өздеріне оңайға соқпады.
Қабылданған өтінішке байланысты "Ertis" футбол клубы чемпионатқа қатысушылар тізімінен шығарылады. Футболдан Қазақстан чемпионаты регламентінің 4.18 пунктіне сәйкес, егер де біріншіліктен шығарылған клуб чемпионат барысында 22 ойыннан кем кездесу өткізсе (1-ші және 2-ші айналымды аяқтамаса), оның барлық нәтижесі жойылады. Сонымен қатар, "Ertis" клубының негізгі командасы Қазақстан чемпионатына қатысудан бас тартқаны үшін клубтың жастар командасы екінші лига командалары арасындағы біріншілікке қатыса алмайды. "Ertis" футбол клубының барлық ойындары чемпионаттың жаңартылған күнтізбесінен алынып тасталады, - деп мәлім етті Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы. 

Карантиннен кейін 55 жылдық тарихы бар команданың осындай жағдайға түсуіне не түрткі болды? Әрине, белшеден батқан қарыз. Облыстың бюджетін дұрыс орынымен жұмсай алмай, осындай жағдайға жеткізгендер бар. Алдымен, шетелден миллиондаған жалақыға бапкер мен ойыншы шақыртады. Сосын арты не болатынын ойламай, келісімшартты біржақты бұза салу біздің футболдың басты ауруларының бірі болып тұр. Мұндай жағдай осыған дейін Ақтөбеде кездескен. 

Кереку командасы болса, болгариялық бапкер Димитар Димитровқа 1 миллион еуродан астам қарыз. Чемпионаттан шығып қалуына да осы жағдай бірден-бір себеп болып отыр.

Жақында үш жарым жылға шартты түрде сотталып, қапаста отырудан құтылып кеткен Павлодардың экс-әкімі Болат Бақауов былтырғы жылдың мамыр айында осы бапкермен келіспей қалған. Яғни Бақауов команданың жаттығуына келіп қатысады.Сол кезде Димитров екеуі келіспей, бас бапкерді стадионнан қуып жібереді. Сосын стадионның күзетшісіне оны екінші рет стадионға жолатпауды тапсырады. Ол кезде болгариялық жаттықтырушының клубпен екі жылдық келісімшарты болған. Ал клуб басшылығы Димитровпен келісімшартты біржақты бұзып, бапкерді жаттығу мен ойынға келмей қалды айыптаған. Болгариялық маман болса, оны бәзбіреулердің стадионға кіргізбей қойғанын айтқан. Сөйтіп, көп ұзамай Димитровтың көмекшілері Петар Колев пен Георге Чиликов та жұмыстан қуылған.

Әбден көңілі қалған Димитар бос жатпады, ФИФА-ға шағым түсірді, клубты сотқа берді. Биылғы жылдың ақпан айында бұл іс Димитровтың пайдасына шешілді. "Ertis" клубы болгариялық бапкер мен оның көмекшілеріне келісімшартты бұзғаны үшін өтемақы ретінде 1 миллион 200 мың еуро төлеуге міндеттелді. Оны төлеуге 1 маусымға дейін уақыт берді. Бірақ оны төлейтін ешкім болмады.

Димитар Димитров "Ertis" клубының тізгінін 2015 жылдың маусым айында ұстады. Ал 2016 жылы клубпен бірге қола жүлдеге ие болды. Сол жылы Еуропа лигасының іріктеу кезеңіне қатысты. Ал 2017 жылдың тамыз айында Болгарияның "Лудогорец" командасы Димитарды өздеріне шақырып алады. Бірақ бұл командада ұзақ тұрақтамай, 2018 жылдың шілде айында ол Павлодарға қайтып оралады. Былтырғы жылы қуылғанша осында жұмыс істеді.
Бұл Павлодар және жалпы қазақ футболы үшін ұятты жағдай."Ertis" елдегі ең титулы көп команда. Үнемі қолдап отыратын мыңдаған жанкүйері бар. Осылай болғанына сене алар емеспін. Команданың болашағын емес, өздерінің жеке қызығушылықтарын ойлағандардың арқасында жағдай осыған жетті. Клубтың менеджерлері, облыстың бұрынғы әкімі – бәрі кінәлі. Маған қарыз ақшаны есептемегеннің өзінде соңғы жылдардағы басқа қарыздары да жетіп артылады. Клубтың менеджменті өте нашар! Мен сондықтан кеттім. Мұндай циркке қатысқым келген жоқ, - дейді Димитар Димитров.
Оның айтуынша, соңғы жылдары клубтың проблемасы көбейе берген. Футболшылар мен бапкерлер штабы 5-6 айға дейін жалақы алмай жүрген кездері де болған. Димитар Павлодардың бұрынғы әкімі Болат Бақауовтан қатты көңілі қалған екен.
Мен тіпті сол адамның атын естігім келмейді. Оның мен және көмекшілеріме стадионда айтқан сөзін естісеңіздер, шошисыздар... Әбден көңілімізді қалдыратын әңгіме айтты, - дейді ол.

Биыл наурыз айының соңында клубтың жаңа директоры Нұрлан Ысқақовтың бастамасымен "Atameken-Aydit" аудиторлық компаниясы  аудит жүргізді. Тексерудің негізгі мақсаты 2017-2019 жылдарға салық есебінің толықтығын, кредиторлық берешектің жай-күйін және қаржыландыру көздерінен қаражаттың жұмсалуын талдау болды. 

Тексеру нәтижелері бойынша бухгалтерлік және салықтық есепке алуды ұйымдастыру қанағаттанарлықсыз деп танылды. 

Алайда ең маңызды факт - клуб бұрын мемлекеттік кірістер органдарына берген салық есептілігінің дұрыс болмауы салдарынан 973,9 млн теңге сомасында салық төлеуден жалтарған. 

Аудит өткен жылдары клуб тым көп тоналғанын анықтады. Сондай-ақ, 2017 жылдан 2019 жылға дейінгі кезеңде жер салығы төленбеген. 

Одан бөлек, аудит бапкерлер пен ойыншылардың еңбекақысының нақты соммасы сметадан 379,5 млн теңге асып кеткенін анықтады. Оның ішінде бапкердің көмекшілері мен он легионерге 181,9 миллион теңгеден аса сыйақы төленген.Тексеріс көрсеткендей, бұған дейін әкімшілік қызметкерлердің жалақысы негізсіз 44,4 млн теңгеден асып кеткен. Сонымен қатар, спорттық нәтижелерге байланысты емес қызметкерлерге ешбір негізсіз сыйақы төлеген, бұл 36 миллион теңгеден асады. 

Бұл әлі соңы емес - аудиторлық компанияның пікірінше, клубтың бұрынғы басшылығы клубта жұмыс істемейтіндерге 8 миллион теңгеден астам жалақы төленген. 

Клубтың бұрынғы басшылығы 541 миллион теңге көлемінде сот ісін қозғауға әкеп соқтырған шешімдер қабылдағанын анықтады. Бұрынғы басшылық ақшаны ұрлау үшін кез келген амалға барған сияқты, өйткені тексерушілер медициналық мақсаттағы 31 миллион теңгеден асатын бұйымдарды растайтын құжатсыз сатып алған. 
Жоғарыда келтірілген мәліметтерге 2020 жылдың басынан бастап үш ай ішінде 580 миллион теңге қарызы жиналған ақпарат кірмейді, - деп қорытындылады аудиторлық компания. 
Клубтың бұрынғы басшылығының жалпы шығыны 2,3 млрд теңгеден асып түскен. Бұл дегеніміз ҚПЛ-дың ортаңқол клубының жылдық бюджеті. Бұл тек отандық аудиторлар "аша" алған ақпарат, ал басқа да құйтырқы әдістемелер арқылы қанша қаражат жымқырылған екен?


Өзгелердің жаңалығы