Президент жетістікке жетелер жеті бағытты белгіледі – Бақытбек Смағұл

11 Мамыр 2020, 17:55
1974
Бөлісу:
Президент жетістікке жетелер жеті бағытты белгіледі – Бақытбек Смағұл
Фото: дереккөз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты, Qazaqstan Ardagerleri қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысындағы мәлімдемесіне қатысты өз пікірін білдірді.

Қазіргі кезде көптеген ел пандемиямен күрестен бас көтере алмай жатыр. Бұл ретте жай жан бағумен шектелмей дамуға ден қойғандар, әлденеше қадам алдағыны бажайлап, соған дайындалып, іске кіріскендер ұтады. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төтенше жағдайдың аяқталуына арналған бүгінгі сөзінде постпандемиялық кезеңдегі өркендеу бағыттарына баса мән бергені қуантты, - деді Бақытбек Смағұл.

Бақытбек Смағұл Президент мәлімдемесінде айтып өткен "Отбасы банкі" институты туралы айтты.

Президенттің сөзін зейін қойып оқыған азаматтарды биыл жаңа банктің пайда болатыны – "Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкі" орнына "Отбасы банкі" институтын құру туралы бастамасы елең еткізсе керек. Өйткені елімізде үй кезегінде тұрғандардың тізімін орталықтандыру, тұрғын үйге шын мұқтаж адамдарды есепке алу, қолжетімді баспананы әділетті тарату мәселесі сол бұрынғыдай өзекті. Осы салада әкімдіктердің, мемлекеттік мекемелердің, квазимемлекеттік сектордың және ТҚЖБ-ның бастары бір қазанда қосылмай, бірін-бірі қайталап, елді әбігерге салғаны, адастырып біткені жасырын емес. Бұл іспен бір ұйым айналысқаны жөн, - деді мәжіліс депутаты. 

Мәжіліс депутаты қазақстандықтарға тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға мүмкіндік беру де өте маңызды екендігін тілге тиек етті.

Тиісті міндеттің белгіленгеніне біраз уақыт өткенімен іс созбалаңға салынды. Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін оған серпін беріліп, алдағы айда нақты шешімі жария етілетін болар. Бұған дейін жауапты тұлғалар азаматтарға 9-11 миллион теңгеден асатынын ғана алуға рұқсат ету туралы мәлімдеме жасады. Қоғамның сынына ұшыраған бұл жоғары меже қайта қаралуы тиіс деген ойдамын. Әр санатқа бөле жармай, мұндай мүмкіндік барлық қазақстандыққа бірдей берілгені абзал. Дағдарыс жағдайында шалқып отырған ешкім жоқ: мемлекет адамдарға төл зейнетақы жарналары есебінен көмек беріп, аяққа тұрғызып жіберсе, олар әл-ауқаты жақсарғасын жарнасының орнын өздері-ақ толтырмай ма?!, - деді қауымдастық төрағасы.

Ол ел Президентінің екі миллиондай ауылдыққа игілік әкелетін тағы бір бастамасы толыққанды жүзеге асса, ол да елді көркейтуге қабілетті екендігін айтты.

Үкімет жеке қосалқы шаруашылығы бар ауыл тұрғындарының өнімін тұрақты сатып алу және өткізу жүйесін құруға кіріседі. Әйтпесе, малының сүті мен етін, бау-бақшасының жемісі мен көкөнісін базарға апарып сатуға қарапайым адамның мүмкіндігі, көлік-құралы бола бермейді. Сондықтан мемлекет ауылдан дүкен сөресіне дейінгі кооперациялық тізбекті түзетін пилоттық жобаны биылдан бастап бірнеше облыста іске қосуы тиіс. Қасым-Жомарт Кемелұлы келесі жылы оның кең ауқымды бағдарламаға айналатынын жеткізді. Қазақстан Президенті жетістікке жеткізер жеті бағытты белгіледі. Қазіргі кез халық болып бірігіп, игілікті жаңа бастауларға ден қоятын шақ. Халқымыздың бекем бірлігі баршаның бойына күш-қуат құйып, қандай қиындықты да еңсеруге, кез келген сынақтан сүрінбей өтуге мүмкіндік береді, - деді ол.
Өзгелердің жаңалығы