Президент жергілікті жерлердегі жолдарды жөндеу жөнінде тапсырма берді

26 Қараша 2020, 15:14
1208
Бөлісу:
Президент жергілікті жерлердегі жолдарды жөндеу жөнінде тапсырма берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президент Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловты қабылдады, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа биылғы жылдың 10 айында жүзеге асырылған мемлекеттік бағдарламалардың қорытындылары мен министрліктің басым бағыттары жайында есеп берілді.

Мемлекет басшысына 2020-2025 жылдарға арналған индустриаландыру бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстар егжей-тегжейлі баяндалды. Бейбіт Атамқұлов пандемияға қарамастан жыл басынан бері өнеркәсіп саласы 3,2 пайызға өскенін айтты. Сонымен қатар жыл соңына дейін инвестиция көлемі 995 миллиард теңгені құрайтын 200 жоба іске асады.

Министр жыл басынан бері «Нұрлы жол» бағдарламасының шеңберінде жалпы ұзындығы 2,6 мың шақырым автомобиль жолы пайдалануға берілгенін атап өтті. Еларалық жүк тасымалы да өскен. Атап айтқанда, Қытай-Еуропа-Қытай бағытындағы тасымал 61,6 пайызға артқан.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 14,1 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Министрдің айтуынша, жыл соңына дейін аталған көрсеткішті 15 миллион шаршы метрге жеткізу көзделген. Ал 2025 жылға дейін барлығы 103 миллион шаршы метр баспана салынады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбіт Атамқұловқа жергілікті жерлердегі жолдарды жөндеу, арендалық баспана құрылысын арттыру, сондай-ақ, ведомствоның негізгі бағыттары бойынша бірқатар тапсырма берді.

 



Өзгелердің жаңалығы