Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай қатысушыларына берілген ауызашарда айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Дәстүрлі ислам – қараңғылықтан ада, мейірім мен жасампаздық діні. Ұлтымыздың атадан балаға жалғасқан наным-сенімі адамгершілік құндылықтарға негізделген. Солай болып қала береді. Жұртымыз ақ пен қараны, жақсы мен жаманды ажырата білуі керек. Әсіресе, жастардың көзі ашық, көкірегі ояу болғаны жөн. Олар жасампаздық жолымен жүруі қажет. Аға буын өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беріп отыруы керек. Жастарымыз барша адамзатқа ортақ құндылықтарды бойына сіңіріп өсуге тиіс. Ұлттық болмысымызды сақтай отырып, жаңашылдыққа ұмтылғаны абзал. Сонда біз үйренетін әрі үйрететін ұлт боламыз. Қастерлі дініміз де, қазыналы дәстүріміз де осы қасиеттерді дәріптейді, - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев өркениетті ел болу үшін тазалық ұғымын қоғамда терең орнықтыру қажет екенін айтты.

Ислам – тазалықтың діні. Өркениетті ел болу үшін тазалық ұғымы қоғамда терең орнығуы керек. Былтырдан бері елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатыр. Жалпыұлттық жоба жұртшылықтың кең қолдауына ие болды. Әсіресе, жастарымыз, соның ішінде еріктілер ерекше белсенділік танытты. Ұлттық құрылтай мүшелері де игі іске атсалысты. «Таза Қазақстан» жай науқан емес екенін мен бірнеше рет айттым. Оның түпкі мазмұны көшені, ауланы тазалаумен шектелмейді. Бұл – ұлттық болмысымызға қатысы бар мәселе, тұтас еліміздің келбетін өзгертетін бастама. Мен осы жерде Таза Қазақстанның тағы бір сипаты азаматтарымыздың сана-сезімі мен жан-дүниесінің тазалығы екенін атап өткім келеді. Рухани тазалық – ұлт сапасын айқындайтын маңызды фактордың бірі. Демек, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға ата дініміз де оң ықпал етеді, - деді ол.
Президент тату елде тұрақтылық пен тыныштық болатынын айтты.

Ислам – өзара құрмет пен келісім діні. Қазір әлем халқы аса күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Қауіп-қатерлер күшейді, геосаяси ахуал да күрделеніп барады. Кейбір санасыз, надан адамдардың, арандатушылардың іс-әрекетінің салдарынан әлемдегі ислам дінінің де беделі төмендеп кетті. Өкінішке қарай, осындай үрдіс пайда болды. Мұндай алмағайып кезде біз ынтымағымызды нығайтуымыз керек. Бұл – аса маңызды міндет. Бәріміз бір ел болып зор жауапкершілікпен мемлекеттік саясатты қолдауымыз керек, еліміздің ұлттық мүддесін қорғауымыз қажет. Тату елде тұрақтылық пен тыныштық болады. Бірлігі мықты ел өркендейді. Қасиетті Рамазан айы еліміз үшін жақсылыққа толы, шарапаты мол ай болсын. Оразада ниет еткен дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
