Президент Жарлығы. Абай облысы аймақтағы алдыңғы қатарға қосылмақшы

7 Маусым 2022, 15:53
4619
Бөлісу:
Президент Жарлығы. Абай облысы аймақтағы алдыңғы қатарға қосылмақшы

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында бұрынғы Семей облысының қалпына келтірілетінін, жаңа аумақтық-әкімшілік бірлікке осы өңірдің тумасы, хакім Абайдың есімі берілетінін мәлімдеген еді.

Бұдан бөлек сол 1997 жылы оңтайландырылған Талдықорған мен Жезқазған облыстары да қайтадан ашылатын болды. Біріне Жетісу, енді біріне Ұлытау деген тарихи атаулар қойылды. 

Семей жұртшылығы бұл жаңалықты қуана қабылдады. Шынын айту керек, Шығыс Қазақстаннан бөлініп, жеке дара облыс болуды бұл өңірдің халқы бұрыннан мәселе етіп көтеріп жүрген болатын. Оның себебі де бар. 90-шы жылдардағы оңтайландырудан кейін бұрын облыс орталығы болған Семей шаһарының жағдайы нашарлап кеткен. Тасада қалғандай күй кешкен көне қаланың тұрғындары әлеуметтік мәселелердің тауқыметін көп тартты. Ең бастысы қыста жылудың, жазда ыстық судың болмауы қиын еді.

Президент осы Жолдауында Абай облысы құрылатынын айтып, Семей жұртшылығын ерекше қуантты. Шынын айту керек, сонау 90-шы жылдардың соңында елдегі қаржы-экономикалық дағдарысқа байланысты барлық салада қысқарту жүріп, облыс-аудандар да оңтайландырылған болатын. Тарихы терең қарт Семейдің облыс орталығы статусынан айырылуы жүрегімізді ауыртқан. Қатардағы қала болып қалғанынан да болар, шаһардың тозыңқырап кеткеніні де рас. Енді тарихи әділдік қалпына келіп, қайта облыс атанғаннан соң осы өңірдің дамуы да қарқын алары анық, – дейді семейлік қоғам белсендісі, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Орал Шәріпбаев.

Президент Жарлығы. Абай облысы аймақтағы алдыңғы қатарға қосылмақшы
автордан

Облыс құрылады деген соң жұртты аумақ қалай бөлінеді, облыс орталығы дәрежесін қайтарған Семей қаласына мемлекеттік мекемелер қалай көшеді деген сауалдар мазалағаны рас. 

6 сәуірде Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының XIV сессиясында Абай облысын құру жоспары таныстырылды. Осылайша, Абай облысының аумағы 185,5 мың шаршы шақырым, кішірейген Шығыс Қазақстан облысының аумағы 97,8 мың шаршы шақырым болды. Яғни, Абай облысы екі есеге дерлік үлкен территорияны алып жатыр. Халқының санына келер болсақ, Абай облысында 638 мың адам, ШҚО-да 717 мың адам тұрады. Бұл ретте Шығыста тұрғындар шамамен 80 мыңға көбірек.

Абай өңіріне облыстық маңызы бар екі қала – Семей және Курчатов, сонымен қатар Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Үржар, Көкпекті, Ақсуат сынды сегіз аудан енді. Шығыс Қазақстан облысына Өскемен және Риддер, сондай-ақ тоғыз аудан кірді, олар – Алтай, Глубокое, Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Ұлан, Шемонаиха, Самар, Тарбағатай.

Атап өтерлігі облыстар аумағын бөлу барысында екі аудан да ажырады. Бұрынғы Семей облысының Ақсуат ауданы мен Шығыстың Тарбағатай ауданынан құралған Тарбағатай ауданы және Семейдің Көкпекті ауданы мен Шығыстың Самар ауданынан қосылған Көкпекті ауданы қайтадан екіге бөлінді. Осылайша, Ақсуат және Самар аудандары пайда болды.

Жаңа әкімшілік-аумақтық бірліктің құрылуына байланысты облыстық мекемелерді де екіге бөлу процесі жүріп жатыр. Осы ретте Семейдегі колледждер жаңадан құрылып жатқан Абай облысының әкімдігіне қарасты органдарға беріледі екен деген алыпқашпа әңгіменің шыққанын да жұртшылық біледі. 

Бұл қаңқу сөзге аймақ басшысы Даниал Ахметовтің өзі нүкте қойды.

Семей қаласындағы ешбір оқу орнының ғимараты Абай облысының әкімдігіне берілмейді. Қалада жаңадан құрылатын мекемелерге орын жеткілікті. Семейдің коммуналдық меншігінде 13 мың шаршы метрден астам орынжай бар, тағы 37 мың шаршы метр орынды кәсіпкерлер ұсынуға әзір. Әкімшілік-аумақтық шекаралар анықталды, келешек Абай облысының бюджеті бойынша жоспар дайын, – деп жауап берді облыс әкімі бұл мәселеге қатысты.

Бүгінде өңірдегі алдағы өзгерістерге қарқынды дайындық жұмыстары аяқталып қалды. Жуырда Шығыс Қазақстан облысы мәслихатын бөлу жөнінде шешім қабылданды. Абай облысы мәслихатының алғашқы сессиясы ертең, яғни 8 маусымда өтпек. 

Ертең облыстық мәслихаттың тұңғыш сессиясы өтіп, онда мәслихаттың хатшысы тағайындалады. Алда облыстың әкімін сайлау міндеті де тұр. Жаңа облыстың әлеуеті, әрине, мықты, бірақ соны тиімді пайдалану қажет. Семей қаласында бүкіл Кеңес одағына аты әйгілі ет комбинаты болды, тері-былғары комбинаты да қарқынды жұмыс істеп тұрды. Алдымен со өндіріс орындарын қалпына келтіру керек. Ол, әлбетте, оңай шаруа емес. Сонымен қатар, аталған кәсіпорындарды шикізатпен қамту үшін мал басын көбейтуге тиіспіз. Өзге де салаларда ауқымды жұмыстар, шешімін күткен мәселелер көп. Әріптестерімізбен бірлесе, осы істерге бел шеше кіріскелі отырмыз, – дейді Абай облыстық мәслихатының депутаты Қуаныш Сүлейменов.

Атап өтерлігі, Семей өңіріне соңғы жылдары біршама көңіл бөлініп, қаржыландыру артқан. Қаланың алым-салықтан тапқан қаржысы өзінің қазынасында қалатын болған. Мемлекет басшысының мұрындық болуымен әзірленген Семейдің 2020 жылдан 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму жоспары іске асуда, қаржыландыру көлемі – 260 миллиард теңге.

Президент Жарлығы. Абай облысы аймақтағы алдыңғы қатарға қосылмақшы
автордан

2015 жылдан бері ШҚО ел қазынасынан 390,3 миллиард теңге трансферт алса, оның 200 миллиард теңгесі (51 пайызы) Абай облысына тиесілі аудан-қалаларға бағытталған. 

Облыс әкімі Даниал Ахметов атап өткендей, соңғы жеті жылда Абай облысына енетін қалалар мен аудандардың экономикасы барлық көрсеткіштер бойынша өскен. 

2015 жылдан бастап құрылатын облыстың өнеркәсіп өндірісі 5 есе (184 млрд. теңгеден 2021 жылғы 898 млрд. теңгеге дейін), ауыл шаруашылығы 2,4 есе (179 млрд. теңгеден 428 млрд. теңгеге дейін) өсті. 2017 жылы жаңа облыс аумағында мыс өндіру жөнінен әлемдегі ең ірі кәсіпорын – Ақтоғай тау-кен байыту комбинаты салынды. Былтыр ғана Семейде қуаты 300 мың тоннадан асатын май өңдейтін ірі зауыт тұрғызылды, – деді Даниал Ахметов.

Бұдан бөлек, жаңа облыс аумағында Бақыршық тау-кен байыту комбинаты бар, ол жылына құрамында алтыны бар 2 миллион тонна кен игереді. Өңірде тұрғын үй қарқынды салынып жатыр, 7 жылда жаңа облыс аумағында 1,3 миллион шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Жаңа облысқа шипалы Алакөлдің жағалауы да тиесілі, былтырғы жазда аталған туристік аймақта миллионнан астам адам дем алған, биыл жақын маңдағы аудан орталығы – Үржар әуежайының жаңарту жұмыстары аяқталады. Аэропорт Алматы, Нұр-Сұлтан, Семей, Өскемен қалаларынан келген ұшақтарды қабылдайтын болады.

Президент Жарлығы. Абай облысы аймақтағы алдыңғы қатарға қосылмақшы
turkystan.kz

Жоғарыда айтылған қаланың жылу мәселесін шешу бағытында да біршама жұмыс тындырылды. Осы жылы ең ірі деген «Орталық» және «Ғаббасов» қазандықтарын 3,2 миллиард теңгеге толықтай жаңарту ісі басталды.

Түйіндейтін болсақ, ел картасында пайда болатын жаңа Абай облысының жеке дара дамуына қажет әлеуеттің бәрі де бар. Бұдан бұрын да бөлек толыққанды облыс болған бұл өңірдің тұрғындары келешекке зор үмітпен қарап отыр. Олар облыс дәрежесін алғаннан кейін өңірдегі жылдар бойы қордаланған мәселелер оңтайлы шешіліп, халықтың жағдайы жақсара түсеріне сенімді.

Өзгелердің жаңалығы