Президент жариялаған реформалар қоғамдық-саяси дамудағы жаңа кезеңнің бастамасы – сарапшы

15 Қаңтар 2021, 14:00
988
Бөлісу:
Президент жариялаған реформалар қоғамдық-саяси дамудағы жаңа кезеңнің бастамасы – сарапшы

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Президент Қ.К. Тоқаевтың VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясындағы сөзі бағдарламалық сипатқа ие және алдағы реформалардың қарқыны мен ырғағын айқындайы. Бұл туралы ҚСЗИ директорының орынбасары Санат Көшкімбаев айтты.

Оның айтуынша, Мәжілістің нақты осы жаңа құрамы экономикалық және саяси салаларда заңнамалық деңгейде маңызды реформаларды қамтамасыз етуі керек. Мемлекет басшысы бұған дейін айтқанындай, бұл жаңартулар бір мезгілде, қатар жүргізілуі тиіс.

Маңызды мәселелердің бірі – Үкімет пен Парламенттің тиімді өзара әрекеттестігі. Мәжілістің қазіргі шақырылымы Үкіметтің құрамын бекіту және одан әрі бақылау бойынша кеңейтілген өкілеттіктерін күшейтуі керек. Президенттің «қоғамның барлық өзекті мәселелері Парламентте талқылануы керек» деп атап өткені кездейсоқ емес. Алдағы жаңартулардың маңызды құрамдас бөлігі – алдағы саяси реформалар болмақ, әсіресе, бұл жағдайда өткен Парламенттік сайлаудың тәжірибесін ескеру маңызды. Тәжірибе көрсеткендей, дауыс беру бюллетеньдеріне «бәріне қарсы» бағанын қосу қажет. Бұл әлемнің көптеген елінде кең таралған тәжірибе және саяси сахнадағы күштерге қатысты тікелей көзқарас пен бағалауды алуға мүмкіндік береді, - дейді сарапшы.

Сондай-ақ, ол партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5%-ға дейін төмендету демократияландыру жолындағы маңызды қадам болғанын атап өтті. 

Өздеріңіз білетіндей, партиялардың бірін сайлаушылардың 5%-дан астамы қолдады, шектен өтуге аз ғана дауыс жетпей қалды, бірақ  бұл партия 400 мыңға тарта дауысқа ие болды – бұл біздің сайлаушыларымыздың айтарлықтай бөлігі. Жергілікті өкілді органдарда – мәслихаттарға сайлауға қатысқан барлық бес партияның өтуі өте маңызды жағдай, - дейді Көшкімбаев. 

Сонымен қатар ол жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару жүйелерін жетілдіру – реформалардың тағы бір маңызды бағыты екенін айтты. 

Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін төменнен бастап күшейтуге ниеттіміз. Бұл - өте маңызды сұрақ. Сондықтан алдағы ауыл әкімдерін сайлаудан кейін аудан әкімдерін сайлауға да кірісуге болады» деді. Осы қайта құрулардың барлығы мемлекет пен қоғам арасындағы кері байланыс механизмін жаңартуға бағытталған және «азаматтардың саяси жүйені нығайтуға, шешім қабылдау процесіне ықпал етуін арттыруға жаңа серпін беруі» керек. Мемлекет басшысы жариялаған реформалардың өзі шын мәнінде Қазақстанның қоғамдық-саяси дамуындағы жаңа кезеңнің бастамасы болып табылады, - дейді ол.
Сөз арасында ол  Мемлекет басшысы елдің 2025 жылға дейінгі жаңартылған Ұлттық даму жоспарын қамтитын мемлекеттік жоспарлаудың қағидаттық жаңа жүйесін, сондай-ақ мемлекеттік басқарудың жаңа тұжырымдамасын мақұлдауға қатысты ойымен бөлісті. 
Үкіметтің алдында үлкен міндет тұр – бірінші жартыжылдықтың соңына қарай күрделі мемлекеттік бағдарламалардан нақты және шынайы міндеттері бар, жинақы ұлттық жобаларға көшуді қамтамасыз ету. Әлеуметтік-экономикалық саладағы дағдарысқа қарсы шаралар үдерістердің үдемелі динамикасы мен қазіргі коронавирустық дағдарыстың аясында жедел жүргізілуді талап етеді, - дейді сарапшы.

Өзгелердің жаңалығы