Президент Жамбыл облысының әкімін қабылдады

20 Қаңтар 2021, 16:13
1383
Бөлісу:
Президент Жамбыл облысының әкімін қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Президенті Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевты қабылдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысына өңірдің 2020 жылғы даму қорытындылары мен Президент тапсырмаларының орындалу барысы, сондай-ақ, Қазақстан халқына арналған Жолдаудағы міндеттерді жүзеге асыру жоспары жөнінде баяндалды.

Президент Жамбыл облысының әкімін қабылдады

Бердібек Сапарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп беріліп отырған кезеңдегі Жамбыл облысының экономикасының өсімі 102,2 пайызға, негізгі капиталдың инвестициясы 344,1 миллиард теңгеге жеткені жайында айтты.

Кездесу барысында әлеуметтік саланы дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Президентке пандемия кезінде облыстың 524 мың тұрғынына 44,6 миллиард теңге көлемінде қаржылай әлеуметтік көмек көрсетілгені туралы айтылды. Сондай-ақ Тәуелсіздік күні мен жаңа жыл мерекелері қарсаңында 8 мың адамға 203 миллион теңге көлемінде қосымша бір реттік көмек берілген.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қордай ауданындағы ахуал жөнінде баяндалды. Облыс әкімінің айтуынша, аудандағы жағдай тұрақты. Былтыр тұрғын үй және жол құрылысы, білім беру, медицина, мәдениет және спорт  салалары бойынша жалпы құны 35,1 миллиард теңге болатын 392 жоба іске асырылған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 22 елді мекенге газ тарту, ауызсумен қамтамасыз ету және 391 шақырым жол салу жұмыстары жүргізілген. 360 пәтерлік 5 тұрғын үй салынған.  

Бердібек Сапарбаев коронавирустың келесі толқынына дайындық жөнінде айтты. Облыста жұқпалы ауру жұқтырғандар үшін 4,5 мың және жан сақтау бөлімдерінде 468 төсек-орын дайындалған. Дәрі-дәрмектің екі айлық қоры жасақталған. Қажет болған жағдайда қосымша 7 мыңға дейін медицина қызметкерлері жұмысқа тартылады.

Қордай ауданының Гвардейск ауылындағы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының базасында отандық иммундық препараттар шығаратын зауыттың құрылысы жүргізіліп жатыр.  

Бердібек Сапарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдегі апатты жағдайда тұрған және үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу, бұқаралық спортпен шұғылданатын адамдардың санын 35 пайызға дейін жеткізу жоспары туралы ақпарат берді.

Мемлекет басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша облыс әкімінің жұмысына оң баға беріп, эпидемиялық ахуалды бақылауда ұстауды, инвестиция тарту және Жұмыспен қамту жол картасын тиімді жүзеге асыру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы