Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Сыдықов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтарға бүгін жасаған үндеуіне қатысты пікір білдірді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі карантин жағдайы мен әлемдік індетпен күрестің жаңа міндеттері туралы мәлімдемесі елдік жауапкершілікті тереңінен түсінген халқымызға көп нәрсенің мәнін айқындап берді.
Бүгінде жұртшылық "бір жеңнен – қол, бір жағадан – бас шығаруға" қатысты береке-бірліктің, тәртіп пен талаптың қажеттігін анағұрлым аңғара түскендей. Рас, Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасыайтқандай: "Біздің бірлігіміз – қазіргі қиындықты еңсерудің кепілі. Тәуелсіз Қазақстан тарихында бұдан да күрделі кезеңдерді бастан өткердік. Барлық ауыртпалықты жеңіп, әрдайым ортақ Отанымыздың гүлденуі жолында еңбек етіп келеміз. Осы жолғы сынақты да ел болып еңсереміз".
Қазір көктем шығып, айнала арайланған тұста Қазақстан халқының көңілі жадырап, тамылжыған табиғатты далаға кеңірек шығып көруді, дағдылы еңбек ырғағын одан әрі жалғастыруды қалайтынын жоққа шығармаймыз. Алайда ел-жұрт қауіпсіздігі мен әлгі арман таразы басына салынғанда, салиқалы да саламатты отандастарымызтәртіп пен талапты таңдары сөзсіз. Мұны біз, білім саласының мамандары, жете түсінумен бірге қоғамға, әсіресе алаңкөңіл жастарға жіті жеткізе білуге тиістіміз.
Осы орайда бүгінгі Мемлекет басшысының үндеуі таяудағы елдік, үкіметтік жоспар-міндеттердің жік-жігін, жүйе-жүйесін айқан көрсетіп берді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл саладағы Қазақстанның іс-қимылы, сақтық шаралары әлемдік қауымдастықтан, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тарапынан оң бағалағанын тілге тиік етіп, қауіптің ада-күде болмағанын ашып айтты.
Тіпті Президент тарап жатқан індетке жеңіл-желпі қарауға болмайтынын айтып ескертті.
Коронавирусқа жеңіл-желпі қарауға болмайды. Карантин талаптарынан бір сәтте бас тартсақ, дертті қайтадан өршітіп аламыз. Коронавирус – адамның денсаулығына қатер төндіретін өте жұқпалы індет. Мұны бүкіл әлем мойындап отыр. Ал оны жоққа шығарып, жұртқа жалған ақпарат таратудың арты жақсылыққа апармайтыны белгілі. Бұл – азаматтарымыздың денсаулығына нұқсан келтіретін әрекет, - деп те ескертті Тоқаев.
Бірден айтайық, Қазақстан әлемдік індетке қарсы тұруда мынандай сауатты және жедел қадамдар жасады:
Бірінші, Президент Қ.К.Тоқаевтың сарабдал да нақты тапсырмасымен мемлекеттік іс-шаралар дер уақытында қабылданды.
Екінші, халықтың бұрыннан қалыптасқан мәдениеті мен жауапкершілігі ел Үкіметінің ұстанымына сәйкес келді.
Үшінші, бай тәжірибенің арқасында медицина мен білім саласы уақыт пен заман мойнына салған орасан зор жауапкершілікті мойымай көтере білді.
Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев ең басты құндылық – халық денсаулығын бірінші орынға қойып, осы ортақ іске бүкіл қоғамды жұмылдыра білді.
Әлбетте, мемлекет үшін ең басты сенім – елдің яки халықтың сенімі. "Қоғамды тыңдайтын мемлекет" қағидатын ұстанған Президент бұл жөнінде де мынандай байыпты пікірін жеткізді: "Қазіргідей күрделі кезде әрбір азамат біздің назарымызда болады. Мемлекет ешкімді қиындықта қалдырмайды. Мен төтенше жағдай кезеңінде азаматтарымызға қолдау көрсетуге арналған шаралардың екі топтамасын жария еттім. Бұл шаралар барынша жүзеге асырылуда. Қоғам тарапынан айтылған орынды сын-пікірлер де бар. Оны ескереміз".
Маңызды мәселінің бәрін дерекпен дәйектеген Мемлекет басшысы осы күнге дейін 4 миллион 250 мың азаматқа қаржылай көмек көрсетілгенін, 570 мыңнан астам адамға азық-түлік берілгенін, алда жиыны 1,1 миллиондай жанға қажетті ішім-жем үлестірілетінін мәлімдеді. Мұның сыртында Елбасы бастамасымен құрылған "Біргеміз" қорынан қаржы бөлінетінін, Nur Otan партиясы қайырымдылық, жомарттық істерді қолға алғанын, сәуір-мамыр айларында 1,6 миллионнан астам жанның коммуналдық төлемақысына жәрдем берілгенін айтты. Ойлап қарасаңыз, бұл – елеулі маңдай тер, ұланғайыр көмек. Елдің елдігі де – қиындықты бірлесе жеңуінде. Бірақ, ата-бабаларымыз айтқандай, әр істің қайыры, судың да сұрауы болуы керек.
Дей тұрғанмен Президент әлемдік дертпен күрестің алғы шебінде жүрген дәрігерлерге деген мемлекеттік көзқарасты да ұмытпады. Олардың адал еңбегіне алғыс айтып, ынталандыру мен көмектің кезең-кезеңмен жалғаса беретінін айтты. Осындай мүмкіндігінше лайықты қолдау шағын және орта бизнеске, жеке кәсіпкерлерге жасалатынын да жеткізді.Тұтастай алғанда, азаматтар мен бизнесті қолдау үшін 6 триллион теңге бөлінген.
Халық санасында ежелден "өмір жалғасады" деген ақиқат орныққан. Бұл – әрі сенім, әрі тәуекелшілдік. Көктем дегенде, жұрттың ойына егіс пен егін, жер шаруасы түседі. Президент бұл мәселе үкіметтің жіті бақылауында екенін, оның түрлі шығынына 200 миллиард қаржы бөлінгенін мәлім етті.
Сөз жоқ, халықтың алаңдаған бір мәселесі бар. Ол – карантин ашылатын мерзім-меже туралы ұстаным. Мемлекет басшысы төтенше жағдай уақыты 11 мамырда аяқталатынын айта келе, осыны бақылайтын Мемлекеттік комиссия карантин талаптарын жеңілдетуге даяр екенін жеткізді. Ол үшін елорда үлгісіндей жұмысқа кірісетін мекемелердің кестесі мен қауіпсіздік шаралары қатаң сақталуы тиіс. Бұл істе жалпақшешейлікке, жауапсыздыққа, қырсыздыққа, бейберекетке жол жоқ. Ел Үкіметі мен Ұлттық банк 11 мамырға дейін кешенді "Экономикалық дамуды қалпына келтіру" жоспарын әзірлейді. Бұл - дағдарыстан зардап шеккен салаларға қолдау көрсетудіңауқымды амалы.
Мемлекет басшысының: "Бүгінде еліміз дамудың жаңа деңгейіне қадам басып отыр.Шын мәнінде, біз енді мүлде жаңа жағдайда өмір сүретін боламыз.Сондықтан экономикаға және мемлекеттік басқару жүйесіне ауқымды әрі маңызды өзгерістер қажет" деген сөзінде терең мағына бар. Бұған мемлекеттік қызметкер де, ғалым да, іс адамдары да, тіпті ата-аналар да ой жібере қарау керек.
Білім саласы, соның ішінде жоғары мектеп ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұйытқы болуымен әлемдік індетке және содан туындаған экономикалық қиындыққа қарсы күрес кезеңіндегі іс-шаралар жоспарын кезең-кезеңмен атқармақ. Төтенше жағдай режимі жарияланған 16 наурызданбастап министр А.Қ. Аймағамбетовтің бастамасымен және қолдауымен маңызды онлайн мәжіліс-кеңестер өткізілді. Қашықтан оқыту мен білім үдерістерін ақпараттық-цифрлік жүйеге көшірудің жедел амалдары қарастырылып, жүзеге асырылды. Мысалы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіізденісі айрықша ғалым-мамандар мен профессор-оқытушылардың жаңашыл-инновациялық дәрісін, түрлі форматтағы вебинарларын өткізіп келеді. Білім алушылардың әлеуметтік қажеттіліктері мен ынталандырулары толық және дер кезінде өтелді. Түрлі жағдаймен елордада, студенттер үйлерінде қалып қойған шетелдік және қандас студенттердің қауіпсіздік және әлеуметтік мәселесі толық шешілді. Осы орайда сонау Моңғолиядағы қазақ диаспорасы өкілдерінің әрі ата-ана, әрі атажұрт жанашыры ретінде Президентке жазған сезім мен сенімге толы хаты үшін ризашылығымызды білдіреміз.
Біз жаһандық коронавирус пандемиясының бәріміз үшін қатаң сынақ болғанын жақсы түсінеміз. Бұдан өту үдерісі – бірлік пен білікті, жауапкершілік пен тәртіпті талап етсе, мұны білім жүйесінің қарауындағы және қамқорлығындағы миллондаған жастардың, дәлірек айтсақ болашақ елімізді дамытуға тиіс азаматтардың санасына сіңіруді өз миссиямыз деп санаймыз. Басқа сала өкілдері де осы бағытта ойлайтыны сөзсіз. Ендеше бүгініміз бен ертеңіміздің жарқын болуы – өз қолымызда.