Нұр-Сұлтан, BAQ. KZ. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан Президенттің Петербург халықаралық экономикалық форумында сөйлеген сөзіне қатысты facebook парақшасында пікір білдірді.
Геосаясат деген қиын ғой… от пен судың арасы. Бәріңіз де тақымдарыңызды қысып отырған боларсыздар. Не дер екен? Қалай болар екен? Ормандай орыс ортаға салып сөзімізді сөйле деп қыспаққа алар ма екен?.. Ығына жығылса, басқа әлемнің бетіне қалай қараймыз?,- деді Мұқан.
Ол атағандай, Мемлекет басшысы ықпады. Жалтақтамады. Саспады.
Шіреніп отырып халықтың қалауы мен ұлттық мүдде сыртқы саяси ойындардан жоғары екенін жеткізді.Екі елдің арасына іріткі салып, қазақтың делебесін қоздыратын әлгі арандатушылар әрі ойнасын деді. Дипломатиялық тілмен. Әрине, өкпесі жарылып кетсе де қажет кезде қақ маңдайдан бір қоятын Америка не Қытай емеспіз, бірақ орағытып отырып құдайшылығын айтты,- деді Мұқан.
Шыңғыс Мұқан айтқандай, дәрі өлшейтін таразыға тартылған баяндама да өте өзекті.
Прагматизмге тұнып тұр. Сұрақтарға айызыңды қандырардай жауап берді. Екіұштылық жоқ. Нақты. Әсіресе, сыртқы саясатта спектрумның бір бұрышын таңдамаса болмайтын, бұғып қалса, өтіп кететін әдеттегі түлкібұлаңға сала алмайтын Украинаға қатысты сұрақта да былайғы өркениетті әлемнің ұстанымынан танбады. Оған да мінез керек, жүрек керек. Оны естіген украин жұртшылығы өз сегментінде “қазақтар жарайсыңдар” деп шуласып жатыр. Дәл осы сөзді өзіміз айтқандай марқайып отырмыз.Петерборда өткен жиында президентіміздің түрлі коммуникация каналдары арқылы жетіп жатқан үзік-үзік цитаталарын аңдып отырып оқығанымнан түйгенім.Бұрын президентке қатысты мұндай пафосты еш жазған емеспін, бірақ бүгін бір разы болдым,- деді ол.