Президент Үкімет бекіткен Су ресурстарын басқару жүйесінің тұжырымдамасын сынға алды

1 Сәуір 2024, 13:22
881
Бөлісу:
Президент Үкімет бекіткен Су ресурстарын басқару жүйесінің тұжырымдамасын сынға алды
PHOTO
Фото: Ақорда

Бұл туралы Мемлекет басшысы Республикалық штабтың отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Президент су басқан аймақтарда әлеуметтік маңызы бар қызметтер мен азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу мәселесіне Үкімет назарын аударды.

Президент Үкімет бекіткен Су ресурстарын басқару жүйесінің тұжырымдамасын сынға алды

Су тасқыны мен өртке қатысты жағдай жыл сайын қайталанады. Жауапты органдар мен салалық қызметтердің (Қазсушар, Қазгидромет) жобалау, сараптама жасау жұмыстары нашар ұйымдастырылған. Тиісті шаралар, негізінен, жағдай орын алғаннан кейін немесе толыққанды болжам жасалмай қабылданады. Сондықтан бізге дағдарыс жағдайларын болжаудың нақты тетігі өте қажет. Цифрлық даму министрлігі Экология, Су ресурстары және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп жыл соңына дейін барлық ықтимал төтенше жағдайларды (су тасқыны, өрт және т.б.) модельдеуге, тиісті болжамдар, ұсынымдар мен іс-қимыл жоспарын жасауға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе әзірлеуге тиіс. Айтпақшы, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар, ең алдымен, облыстардың әкімдері жазғы маусымға да дайын болуы қажет. Өрт немесе басқа да табиғи апаттардың болуы әбден мүмкін. Қазіргідей қамсыз отырмай, алдын ала әрекет ету керек. Су тасқынын көргенде, көктен түскендей абдырап қалдыңыздар. Осы ретте еліміздің шығыс өңірлеріндегі су тасқынын модельдеу жөніндегі ТЖМ мен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының бірлескен жұмыс тәжірибесін қолдануға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қарғын суды ауыл шаруашылығы қажетіне жарату үшін жоспар әзірлеу және пәрменді шаралар қабылдауды тапсырды. Оның айтуынша, әкімдіктер еріген қар суын елді мекендерден өзен арналарына немесе тоғандарға бұру жұмыстарын жүргізуі керек.

Президент Үкімет бекіткен Су ресурстарын басқару жүйесінің тұжырымдамасын сынға алды

Мемлекет басшысы Үкімет бекіткен Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын сынға алды.

Оның пікірінше, тұжырымдаманы жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары декларативтік сипатқа ие. Құжат су тасқыны салдарынан болатын шығынның алдын алу және азайту мәселесін кешенді түрде шешуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан тұжырымдаманы қайта қарау жөнінде міндет жүктелді.

 Құзырлы мекемелер, яғни әкімдіктер, Төтенше жағдайлар министрлігі, Су ресурстары министрлігі бірлесіп жұмыс жасамайды. Жауапкершілік алудан қашады. Жұмысты бір-біріне сілтеп отырады. Жағдай осылай жалғасатын болса, тиісті қызметкерлерді лауазымынан босату қажет. Ең басты критерий – мемлекеттік қызметшілердің тиімділігі. Мемлекеттік органдар және әкімдіктер арасында нақты әрі тұрақты байланыс алгоритмі жоқ. Тиісті министрлік еліміздің табиғи апаттарға дайындығын қадағалап отыруы қажет. Бұл – министрліктің негізгі мақсаты. Осы мәселеге баса назар аудару керек. Министрлік гидротехникалық және басқа да маңызды нысандардың жағдайын тексеріп, шынайы мәлімет беріп отыруға тиіс, – деді Президент.

Мемлекет басшысы су тасқыны мәселесі бойынша халықаралық тәжірибені, өзге елдердің қарғын суды қалай игеретінін мұқият зерттеу қажет екенін айтты.

Өзгелердің жаңалығы