Президент Түркістанда Түркі елдерінің бірлескен экономикалық аймағын құруды ұсынды

31 Наурыз 2021, 19:35
1171
Бөлісу:
Президент Түркістанда Түркі елдерінің бірлескен экономикалық аймағын құруды ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінде Түркістанда Түркі елдерінің бірлескен экономикалық аймағын құруды ұсынды.

Президент Түркістанның инвестициялық және сауда-экономикалық мүмкіндігі зор екенін айтты.

Оның қомақты ресурсын, адами капиталы мен туристік әлеуетін ескеріп, Түркістан өңірінде Түркі елдерінің бірлескен арнайы экономикалық аймағын құруды ұсынды.

Бұдан бөлек, су энергетика саласы қатынастарының тағы бір құрамдас бөлігі. Өйткені су мәселесі біздің аймақтағы өте маңызды күрделі проблемаға айналып отыр. Трансшекаралық су ресурстарын тиімді әрі әділ пайдалану елдеріміздің тұрақтылығы мен өсіп-өркендеуінің кепілі. Осы орайда өздеріңізбен бірлесе гидроқұрылымдар салу жобаларына атсалысуға дайынбыз, - деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев атап өткендей, пандемия жаңа технологияның күнделікті өмірде қаншалықты маңызды екенін көрсетті. 

Қазір технология түрлі салаларға жедел енгізілуде. Сол себепті мемлекеттерімізді жасанды интеллектіні дамыту, ауқымды деректерді талдау, цифрландыру, интернет саудасы сияқты салаларда ортақ жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Бұл қадам инновацияларды игеруге және бәсекеге қабілеттілікті арттыруға мүмкіндік береді, - деп түсіндірді ол.
Түркі инвестиция-интеграциялық қорын құру жұмыстарын тездету қажет екенін атап өтті.
Бұл - біздің елдерімізге ортақ қаржы институты. Бастаманы барлық мүше мемлекет пысықтаған соң, оның штаб пәтерін Астана халықаралық қаржы орталығында орналастыруды ұсынамын. Астана халықаралық қаржы орталығы халықаралық деңгейдегі қаржы институттарының үздік тәжірибесі мен заманауи мүмкіндіктерін біріктірген алаң, - деп айтты Президент.

Сондай-ақ білім беру саласындағы ынтымақтастық болашақтағы табысты серіктестіктің негізгі факторы екеніне тоқталды.

Осы ретте мәдени-ағартушылық кеңесті қалыптастырған жөн. Сол арқылы жастардың заман талабына бейімделуіне жол ашылады. Оны ұлы түркілер білім беру қорын құру арқылы жүзеге асыруға болады. Қор университтер арасында академиялық ұтқырлық, тағылымдамадан өту, біліктілікті арттыру ісін үйлестіреді. Біз бауырлас елдердің жастарына Қожа Ахмет Яссауи атынджағы халықаралық қазақ-түрік университетінде бакалавриат бағдарламасы бойынша оқу үшін 50 грант бөлуге дайынбыз, - деп түсіндірді Қазақстан Президенті саммитте.

Өзгелердің жаңалығы