Мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұхановты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрлігі қызметіндегі басым бағыттарды айқындап, ведомствоға бірқатар нақты міндет жүктеді.
Президент маусымдық төтенше жағдайларға дайындықты пысықтау, аудандық және ауылдық бөлімшелерді одан әрі дамытып, оларды техникалық жарақтандыру деңгейін арттыру жөнінде тапсырма берді.
Өрт, өнеркәсіп және сейсмология қауіпсіздігі мәселелеріне, халықты хабардар ету жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ қатерлерді болжау мен ерте анықтау үшін цифрлық шешімдерді, жасанды интеллектіні енгізуге ерекше назар аударылды.
Президент ведомствоның кадрлық әлеуетін нығайтып, құтқарушылардың кәсіби даярлығын күшейтуді тапсырды.