Президент Тоқаев Трамп бастамашыл болған суперинтеллектіні реттеу туралы келісімді қолдады – сарапшы

 Ақорда 2 Қазан 2026, 13:57
2 Қазан 2026, 13:57
203
Фото: Ақорда

ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының Азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы Айдар Құрмашев Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамп бастамашыл болған суперинтеллектіні реттеу туралы келісімді қолдағанын жеткізді. 

Оның айтуынша, «AI & Digital Bridge-2026» халықаралық форумында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік технологиялық күн тәртібіндегі ең маңызды шешімдердің бірі – АҚШ Президенті Дональд Трамптың суперинтеллектіні реттеу жөніндегі бастамасын жеке атап өткен.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың суперинтеллект туралы келісімді жаһандық деңгейде қолданудың ықтимал моделі ретінде қарастыру туралы ұсынысы жасанды интеллектіні дамыту үшін жауапкершілікті бөлісу мәселесіне қатысты.

Президент мұндай жүйеге көшудің шарты ретінде мүдделі елдердің мұқият талқылауы қажет екенін атап көрсетті. Бұл тәсілді негізді деп есептеймін. Бір компанияның технологиялық шешімдері әртүрлі мемлекеттерде қолданылған кезде, қателіктердің салдары жекелеген тұтынушымен арадағы қатынастан асып түседі. Қауіп-қатерлерді кім бағалайтынын, әзірлеушілер қандай мәліметтер ұсынуы тиіс екенін және қауіптер анықталған жағдайда қалай әрекет ету керектігін келісу қажеттілігі туындайды.

Сарапшы атап өткендей, Дональд Трамп бастамасының практикалық мәні озық ЖИ жүйелерін тікелей жасайтын компаниялармен қауіпсіздік қағидаттарын келісуден тұрады.

Келісім бақылаудың төрт деңгейін қарастырады:

Бірінші, модельдерді бақылаудың ішкі рәсімдері, екінші осы рәсімдерді тексеретін жеке топ, үшінші тәуелсіз сыртқы бағалау және төртігші директорлар кеңесі комитеті тарапынан қадағалау.

Сондай-ақ бұл құжат қауіпсіздік стандарттарын әзірлеу үшін қатысушылардың тұрақты кездесулерін болжайды. Мұндай құрылым компанияның өзіндегі жауапкершілік мәселесін көтеруге мүмкіндік береді: анықталған мәселе техникалық маманнан бастап, оны жою туралы шешім қабылдауға қабілетті басшылыққа дейінгі жолдан өтуі тиіс.

Әзірлеушілердің қатысуының өзіндік дербес мәні бар. Олардың қарамағында модельдерді оқыту, сынақ нәтижелері және анықталған шектеулер туралы ақпарат бар. Мемлекеттік органдарға осындай мәліметтерге қол жеткізбестен күрделі жүйенің қауіпсіздігін бағалау қиынға соғады. Сыртқы тексеру бұл білім алшақтығын ішінар қысқарта алады. Ол үшін аудиторлардың жеткілікті өкілеттіктері және компанияның нақты рәсімдерін бағалау мүмкіндігі болуы қажет. Тексерудің мағынасы – мәлімделген талаптардың практикада орындалатынын және олардың жүйенің қауіпті әрекетін уақтылы анықтауға мүмкіндік беретінін анықтау болып табылады.

Айдар Құрмашев бәсекелес компаниялар арасындағы тәсілдерді үйлестіру саланың ынталандырушы факторларына да әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.

Егер әзірлеуші қосымша сынақтар өнімнің шығуын кешіктіреді деп болжаса, ал бәсекелес нарыққа ертерек шықса, үдерісті жеделдетуге деген қысым пайда болады. Тексеруге қойылатын ортақ талаптар мұндай қысымды азайта алады. Қауіпсіздік әзірлеудің алдын ала белгілі шартына айналады. Бұл үшін қатысушылар міндеттемелерді бірдей деңгейде орындауы тиіс: ережелерді таңдап орындау тексерулерге үнемдейтіндерге артықшылық бере береді.

Сонымен қатар бұл келісім ерікті түрде жүзеге асырылады. Оған қол қою қағидаттармен келісетінін растайды, ал нәтижесі кейінгі атқарылатын жұмыстар арқылы айқындалатын болады.

Аудиторлардың тәуелсіздігі қалай қамтамасыз етіледі, олардың тұжырымдары кімдерге қолжетімді болады және елеулі бұзушылықтар анықталған жағдайда не істеледі – осы сұрақтарды түсініп алу қажет. Бұл мәселелер алдағы талқылаудың бір бөлігіне айналуы тиіс. Мұндай тетікке деген сенім компаниялардың анықталған мәселелерді жойып жатқанын және өз шешімдерін түзетіп жатқанын растайтын дәлелдердің пайда болуына қарай қалыптасады.

https://t.me/kisi_kz

Сарапшы Президент Тоқаевтың ұсынысы келесі сұрақты қоюға мүмкіндік беретініне де тоқталды. Яғни, бұл тәсілдің қандай элементтері халықаралық деңгейде жұмыс істей алады деген сұрақ туындайды.

Шетелдік технологияларды пайдаланатын мемлекеттер үшін қауіпсіздік талаптарын айқындауға қатысу мүмкіндігі аса маңызды. Олар цифрлық қызметтер істен шыққан жағдайда шығындарға ұшырайды және ЖИ енгізудің салдары үшін өз азаматтарының алдында жауап береді. Сондықтан халықаралық талқылау осы елдердің тәжірибесі мен қажеттіліктерін ескеруі тиіс. Оның тақырыбы тәуекелдерді бағалаудың өзара салыстырмалы әдістері мен күрделі оқиғалар туралы хабардар етудің келісілген рәсімдері болуы мүмкін.

Оның айтуыгша, мұндай талқылау сөзсіз технологиялық бәсекелестікпен байланысты болады. Мемлекеттер өз компанияларын дамытуға және сезімтал ақпаратты қорғауға мүдделі. Коммерциялық құпия мен ұлттық талаптарды ескере отырып, қауіпсіздікті тексеру үшін жеткілікті мәліметтер көлемін анықтау қажет болады.

Егер қатысу шарттары әртүрлі әзірлеушілер мен мемлекеттер үшін қолайлы болып шықса, ұсынылған модельдің таралу мүмкіндігі артпақ. Дәл сол себепті Тоқаевтың мұқият талқылау туралы ескертпесінің мазмұндық мәні бар: халықаралық қолданыс аясы келіссөздер барысында пысықталуы тиіс.

Қазақстан үшін бұл процесске қатысу экономика мен мемлекеттік басқару жүйесіне енгізілетін шешімдердің сапасымен тікелей байланысты. ЖИ жүйелерін таңдау кезінде тапсырыс беруші оның қандай сынақтардан өткенін, оның сенімділік шектері қай жерде екенін және ақауларға кім жауап беруге міндетті екенін түсінуі тиіс. Келісілген талаптар жеткізушілерді салыстыруды жеңілдетіп, сатып алу шарттарын айқынырақ етер еді. Өз кезегінде, отандық әзірлеушілер өнімдерді шетелдік нарықтарға шығуға дайындау үшін түсінікті бағдарлар алатын еді.

Сонымен қатар Қазақстанға қолданылатын технологияларды бағалау бойынша өз әлеуетін дамыту қажет болады. Халықаралық аудит пайдалы ақпарат береді, алайда жүйенің белгілі бір міндетке жарамдылығын жергілікті жағдайларды, тілді және өңделетін деректердің сипатын ескере отырып тексеру қажет.

Азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы Айдар Құрмашевтің айтуынша, азаматтардың құқықтарына әсер ететін шешімдерге ЖИ енгізілген сайын, мұндай сараптаманың маңызы арта түседі. Халықаралық тәсілдерді қалыптастыруға қатысу және өз мамандарын даярлау бұл жерде тікелей байланысты: білікті сарапшылар елге ережелерді нақты талқылауға, содан кейін оларды ұлттық тәжірибеде қолдануға мүмкіндік береді.

Наверх