Президент: Тазалық пен тәртіпті сақтау мәселесі әрдайым басты назарда болуы керек

 ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев 24 Қыркүйек 2026, 13:00
24 Қыркүйек 2026, 13:00
120
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Еліміздің келбетін өзгертіп, таза әрі тиянақты орта қалыптастыру – баршаға ортақ міндет. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысы азаматтарды өздері тұрып жатқан елді мекенге қамқорлық танытып, ауылдар мен қалаларды көркейтуге белсенді атсалысуға шақырды.

Еліміздің келбетін және тұрпатын өзгерту, таза әрі тиянақты орта қалыптастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Халқымызда «Ынтымақ түбі – игілік» деген сөз бар. Азаматтарымыз өздері тұрып жатқан елді мекенге қамқорлық танытқаны жөн. Әрбір адам өз үйін, ауылын, қаласын көркейтуге белсене атсалысқаны абзал, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент елімізде тұтас ауылдың дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкерлер бар екенін атап өтті.

Кейбір кәсіпкерлер тұтас ауылды гүлдендіруге зор ықпал етуде. Елімізде мұндай тамаша тәжірибелер бар. Біз үшін елді мекендерімізді дамытуға, онда тұрып жатқан азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға әсер ететін кез келген бастама маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтардың дамуына бағытталған жұмыстардан Қазақстан Халық Кеңесі мүшелері де шет қалмауы керектігін айтты.

Аймақтарға пайдасы тиетін істен Халық Кеңесінің мүшелері де шет қалмауы керек. Бұл шаруаны тек мемлекетке жүктеп қоюға болмайды. Азаматтарымыз да бұл міндетке жауапкершілікпен қарап, белсенді, табанды және елге жанашыр болуы қажет, – деді Президент.

Мемлекет басшысы елдің дамуы үшін билік, өкілді органдар және азаматтық қоғамның бірлесіп әрекет етуі маңызды екенін атап өтті.

Біз бірлігімізді нығайтып, халық игілігі үшін жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Билік, өкілді органдар және азаматтық қоғам бірлесіп әрекет етсе, ауыл да, қала да, яғни, тұтас мемлекет өсіп-өркендейтіні анық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қалалар мен көшелерді, саябақтарды таза ұстау елдің жаңа тұрпатын қалыптастырумен тікелей байланысты екенін айтты.

Қалаларды, көшелерді, саябақтарды тазалықта ұстау, еліміздің жаңа тұрпатын қалыптастыру бұл – бүкіл халқымыздың болмысын өзгерту, мемлекетімізді дүние жүзіндегі ең өркениетті елдердің қатарына қосу деген сөз. Бұл – ұлттық намысымызға қатысты аса маңызды міндет, – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін Президент 2035 жылға дейін Қазақстанға 2,9 миллион маман қажет екенін айтты. 

Наверх