- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Президент тапсырмасы: Үкімет тарапынан Аралды қалпына келтіру және Каспийді сақтау жөніндегі жұмыс күшейтілді
Президент тапсырмасы: Үкімет тарапынан Аралды қалпына келтіру және Каспийді сақтау жөніндегі жұмыс күшейтілді
7 Қазан 2026, 08:54
Үкімет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауыында берген тапсырмаларын орындау аясында Солтүстік Аралды қалпына келтіру және Каспий теңізінің су ресурстарын сақтау жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруда. Атап айтқанда, Президент Аралды қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыруды, сондай-ақ серіктес елдермен бірлесіп, Каспий теңізін сақтау жөніндегі мемлекетаралық бағдарлама әзірлеуді қолға алуды тапсырды.
Негізгі шаралар су айдындарындағы су деңгейін арттыруға бағытталған шешімдерді әзірлеу және енгізуді, биоалуантүрлілікті сақтау мен қалпына келтіруді қамтиды. Сонымен қатар Каспий теңізінің флорасы мен фаунасына ғылыми зерттеулер жүргізіліп, Арал теңізінің құрғаған табанында шөлейттенуге қарсы іс-шаралар жүзеге асырылуда.
Солтүстік Аралдағы су көлемі 23,4 млрд текше метрге жетті
Солтүстік Аралдағы су көлемі артып келеді. Бүгінде мұнда 23,4 млрд текше метр су жиналды. Салыстырмалы түрде айтқанда, 2022 жылы бұл көрсеткіш 19 млрд текше метрді, 2023 жылы – 21 млрд текше метрді, 2024 жылы – 22 млрд текше метрді, ал өткен жылдың қорытындысы бойынша 23 млрд текше метрді құраған. Жыл басынан бері теңізге шамамен 1,5 млрд текше метр су жіберілді.
Бұл динамика Қазақстанның 20 жылдан астам уақыт бойы жүргізіп келе жатқан жүйелі жұмысының нәтижесі. Осы кезеңде Солтүстік Аралдың аумағы 36%-ға ұлғайып, су көлемі екі есеге жуық артты, ал минералдану деңгейі екі есе төмендеді. Бұл су айдынындағы тірі организмдер мен экожүйенің қалпына келуіне ықпал етті.
Қол жеткізілген көрсеткіштерді сақтау мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі жыл сайын Сырдария өзенінің арнасы арқылы кемінде 2 млрд текше метр су жіберуді қамтамасыз етеді.
Үкімет Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, Солтүстік Аралды қалпына келтірудің келесі кезеңін әзірледі. Жоба Көкарал бөгетін реконструкциялауды және Балтық жүйесі бойынша су деңгейін 44 метрге дейін көтеруді көздейді. Алдағы 5–6 жыл ішінде су айдынының аумағын 3,9 мың км²-ге дейін, ал су көлемін 34 млрд м³-ге дейін ұлғайту жоспарлануда.
Бір мезгілде Түркістан және Қызылорда облыстарының Арал–Сырдария бассейнінде ирригациялық жүйелерді жаңғырту және автоматтандыру бойынша 160-тан астам жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл су ресурстарын тиімдірек пайдалануға және үнемделген су көлемін Солтүстік Аралға жіберуге мүмкіндік береді.
Аралдың құрғаған түбіндегі орман мелиорациялық жұмыстардың ауданы 1,1 млн гектарға жетті
Солтүстік Аралдағы су деңгейін көтеру жөніндегі шаралармен қатар, Үкімет теңіздің құрғаған түбінде орман мелиорациясы жұмыстарын жалғастырып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мұнда құрылатын сексеуіл алқаптарының аумағы 1–1,5 млн гектарға жеткізілуі тиіс.
Бүгінде Арал теңізінің түбіне 3,4 мың тонна сексеуіл тұқымы мен галофитті өсімдіктер егілді, 56,2 млн сексеуіл көшеті отырғызылды. Орман мелиорациялық жұмыстардың жалпы көлемі 1,1 млн гектарға жетті. Өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстарды ғылыми тұрғыдан сүйемелдеу мақсатында Қазақ орман шаруашылығы және агроорман мелиорациясы ғылыми-зерттеу институтының филиалы құрылды. Сонымен қатар көшет материалын өсіру үшін жеке база қалыптастырылуда: жылына 3 млн көшет өндіруге қауқарлы, аумағы 33 гектар орман тәлімбағының құрылысы аяқталды.
Сонымен қатар Арал теңізінің құрғаған түбінде орман тәлімбағын құру жүргізілуде. Жергілікті құрғақ жағдайда көшеттерді өсіру олардың бейімделуін, тіршілігін және құрылатын орман желектерінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан Каспийді сақтау бойынша ғылыми және мемлекетаралық ынтымақтастықты күшейтуде
Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде орналасқан Каспий теңізі әлемдегі ең ірі жабық су айдыны болып саналады. Оның ауданы шамамен 390 мың км2, су көлемі – шамамен 76 мың км3, жағалау сызығының ұзындығы – 6,5 мың шақырым.
Каспий теңізіне жыл сайын 130 өзен құяды, орта есеппен 290 км3 су әкеледі. Оның басым бөлігі Еділ өзеніне тиесілі – шамамен 80%, Жайықтың үлесі – 3,5%. Басқа ірі өзендердің қатарында Кура, Сулак және Самур бар. Жайық-Каспий бассейні бойынша 2025 жылы Жайық өзенінен Каспий теңізіне 6 км3, ал Қиғаш өзенінен 4,9 км3 су келді. 2026 жылы осы екі өзеннен келген судың жиынтық көлемі шамамен 7,3 км3 болды.
Қазақстан Каспий теңізін сақтауға бағытталған бірлескен тәсілдерді дәйекті ілгерілетуде. 2025 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымының кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ның Су мәселелерін зерттеу орталығын құру жөнінде бастама көтерді.
Осы жұмысты жалғастыру аясында Қазақстан Каспий теңізін сақтау жөніндегі мемлекетаралық бағдарламаны әзірлеуге және бейінді ғылыми-зерттеу институтын құруға дайындық жүргізуде. Сонымен қатар Каспий теңізінің су ресурстарын сақтау жөніндегі жағалаудағы мемлекеттердің қатысуымен мемлекетаралық бағдарламаны әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.
Халықаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі практикалық шаралар Ақтауда өткен Каспий теңізі жөніндегі жоғары деңгейдегі диалог аясында талқыланды. Оған мемлекеттік органдардың, дипломатиялық корпус пен БҰҰ жүйесінің, халықаралық ұйымдардың, ғылыми қоғамдастық пен сарапшылардың өкілдері қатысты. Басты назар – теңіз деңгейінің төмендеуіне, биоалуантүрлілікті сақтауға, ластануға және теңіз қоқысына қарсы күреске, мониторинг пен деректер алмасу жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ халықаралық қаржыландыруды тартуға аударылды.
Диалог аясында Жапония Үкіметінің қолдауымен жүзеге асырылатын «Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі жағдайында орнықтылықты арттыру» жобасы іске қосылды. Жоба Каспийдің тайыздануының салдарын бағалау және азайту үшін ғылыми деректер мен цифрлық құралдарды қолдануды көздейді.
Сонымен қатар БҰҰ Даму бағдарламасымен және халықаралық серіктестермен бірлесіп теңіз және жағалау ресурстарын басқару, айналымды экономиканы дамыту, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру және пластик қалдықтармен ластануды азайтуға бағытталған жобалар кешені әзірленуде. Каспийдің биоалуантүрлілігін, оның ішінде Каспий итбалығын және оның мекен ету ортасын сақтау да жұмыстардың маңызды бағыттарының бірі.
Трансшекаралық су ресурстары мәселесі бойынша Қазақстан барлық көршілес мемлекеттермен құқықтық базаны қалыптастыруды аяқтады. Су ресурстарын бірлесіп пайдалану саласындағы тұрақты өзара іс-қимыл мен үйлестіруді қамтамасыз ететін екіжақты комиссиялар құрылып, жұмыс істеп келеді.
Былтыр он жылға созылған келіссөздердің қорытындысы бойынша Өзбекстанмен трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісімге қол қойылды.
Қалыптасқан су дипломатиясы мен Сырдария өзеніндегі су қоймаларының жұмыс режимдері жөніндегі келісім арқасында соңғы жылдары Солтүстік Арал теңізіне, оның ішінде суы аз кезеңдерде де судың тұрақты келуі қамтамасыз етілді.
Ең оқылған:
- Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы ұсталды
- Қазақстанның алты өңірінде жүргізушілерге қар жауатыны туралы ескерту жасалды
- Алматы облысында балаларды көлігімен қағып, оқиға орнынан кетіп қалған жүргізуші ұсталды
- «Соңғы бірнеше айда қиын кезеңді бастан өткерген»: Алматыда пәтерден 33 жастағы ер адамның денесі табылды
- Қар жауып, үсік жүреді: 7 қазанға ауа райы болжамы