Шымкентте соңғы кезде болған қанды оқиғалардан кейін Мемлекет басшысы министрлікке қатаң сын айтқан еді. Одан кейін қаладағы полиция жұмысына жан-жақты қызметтік тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде қалалық полиция департаментіне жаңа басшы тағайындалып, бірқатар жетекші қызметкерлер қызметтен босатылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов арнайы жұмыс сапарымен Шымкентке келіп, полиция департаментінің жеке құрамымен кездесті. Жиын барысында мегаполис полициясын енді полиция генерал-майоры Мұхтар Қожаев басқаратыны белгілі болды.
Тексеріс барысында құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде елеулі кемшіліктер кеткені анықталған. Соның салдарынан Шымкент қалалық полиция департаментінің бұрынғы бастығы мен оның бірнеше орынбасары қызметінен босатылды. Бұған қоса, бірқатар аудандық полиция бөлімшелерінің басшылары да ішкі істер органдарынан шығарылды.
Тәртіп жоқ жерде нәтиже жоқ, сенім жоқ, бедел құлдырайды. Әрбір бұзушылық үшін барлық деңгейдегі басшылар мен кәсіби борышына опасыздық жасағандардың әрқайсысы жеке жауап береді, – деп атап өтті Ержан Саденов.
Жаңа тағайындалған Мұхтар Қожаев құқық қорғау саласында мол тәжірибесі бар маман. Ол еңбек жолын 1999 жылы Маңғыстау облысында тергеуші болып бастап, кейін Ақтау қаласында және Қостанай облысында басшылық қызметтер атқарған. Бұған дейін Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаментін басқарған. Қызметтегі еңбегі үшін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.
Тексеру нәтижесінде Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының басшысы мен бірқатар бөлім жетекшілері де қызметтерінен босатылды.
Жиын соңында министр полиция қызметкерлеріне заң мен тәртіпті қатаң сақтау, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, қылмысқа жедел әрекет ету және жол қауіпсіздігін күшейту қажеттігін ескертті.
Еске салсақ, 2026 жылғы 11 қаңтар күні көпқабатты тұрғын үйдің маңынан 21 жастағы қыздың мәйіті табылған. Куәгерлер марқұмның денесінде пышақ жарақаттары болғанын айтқан. Полиция күдіктінің марқұммен бұрын таныс болғанын мәлімдеді.
Содан кейін 20 қаңтарда жол бойында жүргізушілер арасында жанжал туындап, салдарынан бір адам көз жұмған еді.