Президент Солтүстік Аралды қалпына келтіру тәжірибесін Каспийге қолдануды ұсынды

9 Қазан 2026, 18:40
АВТОР
 Ақорда 9 Қазан 2026, 18:40
9 Қазан 2026, 18:40
259
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы орны толмастай көрінген апаттан кейін табиғатты қайта түлетуге қатысты жарқын мысалдар келтірді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

– Біз Солтүстік Арал теңізінің айдынын 36 пайызға ұлғайта алдық. Соның нәтижесінде судың сапасы жақсарып, балық қоры қайта қалпына келді. Теңіз маңындағы аумақтардың тұрмыс-тіршілігіне қан жүгірді. Биоалуантүрлілікті сақтау – экологиялық саясатымыздың маңызды бағыты. Дәйекті шаралардың арқасында киік саны өсті. Қар барысының популяциясы сақталып отыр. Жануарлардың сирек түрлері табиғи ортаға оралуда. Осы оң тәжірибені Каспий теңізінің бірегей экожүйесін сақтау үшін қолдануға болады деп ойлаймыз. Біз Тұран жолбарысын қалпына келтіруді көздейтін арнайы бағдарламаны қолға алдық. Осы орайда, бірнеше Амур жолбарысын елімізге жерсіндіруге бергені үшін Президент Владимир Путинге және Ресей Федерациясының Үкіметіне ризашылығымды білдіремін. Қазір олар жергілікті табиғат жағдайына ойдағыдай бейімделуде, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Каспий ынтымақтастығының берік халықаралық құқықтық және институционалдық негізі қалыптасқанын мәлімдеді.

– Тегеран конвенциясының мәні зор. Биыл оның күшіне енгеніне 20 жыл толды. БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасы табиғатты қорғау жұмысына айтарлықтай үлес қосып келеді. Қазақстан премьер-министрлердің орынбасарлары деңгейінде Каспий теңізінің тартылуына қатысты үкіметаралық комиссия құру жөніндегі Әзербайжанның ұсынысын қолдайды. Каспий маңындағы елдер Теңіздің су ресурсын сақтау бойынша мемлекетаралық бағдарлама әзірлеу туралы Қазақстанның бастамасын мақұлдады. Барша халықаралық серіктесіміздің, әсіресе, Каспий айналасындағы көршілеріміздің жұмысын жоғары бағалаймыз. Алайда қолға алынған шаралар әзірге жеткіліксіз. Теңіздің тартылу салдарын жеңілдетіп, экономика мен экожүйенің өзгерістерге бейімделуіне көмектесу үшін үйлесімді әрекетке көшетін уақыт келді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев саммит қатысушыларының назарын бірқатар негізгі бағытқа аударды.

Президент экологиялық қауіп-қатерді дер шағында анықтап, алдын алу үшін бірізді ғылыми тәсіл керек деп есептейді.

– Каспий маңындағы елдерде деректердің, ғылыми зерттеулер мен бақылаулардың мол қоры бар. Дегенмен ол бірыңғай жүйе ретінде жұмыс істесе, анағұрлым тиімді болар еді. 2024 жылы Қазақстан Каспий теңізі ғылыми зерттеу институтын құрды. Кешенді зерттеулер жүргізіп, бейімделудің ортақ жоспарын әзірлеу үшін Каспий маңы елдерінің ғылыми орталықтары мен осы институттың әлеуетін толықтай жұмылдырған жөн, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Каспий экожүйесін басқаруға арналған заманауи технологияларды қолданудың өзектілігіне баса мән берді.

– Су ресурстарының жай-күйі, жағалаудың өзгеруі, биоалуантүрлілік, ластану, өзен ағыны және басқа да негізгі параметрлер бойынша мәліметтерді өңдеп, талдау үшін бірыңғай цифрлық платформа құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Спутниктік технологиялар, жасанды интеллект және болжам жасаудың заманауи жүйелері нақты уақыт режимінде мониторинг жүргізуге, экологиялық сын-қатерлерді уақтылы анықтап, реттеуге мүмкіндік береді. Мұндай платформа ғалымдарымыздың, салалық мемлекеттік органдардың және халықаралық ұйымдардың жұмысына ортақ цифрлық негіз болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Наверх