Президент ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты

4 Шілде 2023, 14:00
1237
Бөлісу:
Президент ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты
Фото: Ақорда

Бұл туралы Ақорданың ресми сайты жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ең алдымен, Шанхай ынтымақтастық ұйымына Үндістан Республикасының табысты төрағалық еткені үшін Премьер-министр Нарендра Моди мырзаға алғыс айтамын. Сіздің еліңіз ұйымымызды дәйекті дамытуға және оның халықаралық беделін арттыруға елеулі үлес қосты. Бүгінгі саммит ашықтық, өзара сенім мен тең құқықтық принциптеріне негізделген жаһандық көпжақты диалогқа тың серпін береді. ШЫҰ қарқынды түрде кеңейіп келеді. Бұл ұйымның рөлі артып келе жатқанын және көпжақты өзара тиімді ынтымақтастығымыздың нығая түскенін білдіреді. Осы ретте әріптесіміз Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раисиді ШЫҰ-ға толыққанды мүше мемлекет мәртебесін иеленуімен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Беларусь Республикасының да біздің Ұйымға мүше атану процесі аяқталуға жақын. Осы жағдайды пайдалана отырып, әріптесіміз Президент Александр Григорьевич Лукашенконы кеше өткен Беларусьтің Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Бауырлас белорусь халқына амандық, бақ-береке тілеймін. Бірнеше күннен кейін Өзбекстан Республикасында президент сайлауы өтеді. Құрметті Президент Шавкат Миромонович Мирзиёевке осы маңызды шараны табысты өткізуге тілектестік білдіремін, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өзгелердің жаңалығы