Президент сайлауында қандай қызықтар болды? Шолу

20 Қараша 2022, 22:31
2869
Бөлісу:
Президент сайлауында қандай қызықтар болды? Шолу

Осымен Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы аяқталды. Сайлау күні дауыс беру учаскелерінде қандай қызықтар болды? Бұл туралы BAQ.KZ тілшісінің шолуын оқып көріңіз. 

Текелілік құсбегілер отбасы дауыс берді

Бүгін Текелідегі №1031 сайлау учаскесінде елімізге танымал саятшы, атбегі, құсбегі, Ұлттық спорт қауымдастығының республикалық деңгейдегі төрешісі, еңбек ардагері Бүркітбай Файзолла әулетімен бірге өз таңдауларын жасады. Ол бала кезден баба мұрасын қасиет тұтып, ата кәсіптің қыр-сырын меңгерген жан. Оның тұлпар баптап, тазы ертіп, қыран ұшырған өнерімен қоса, ұлттық салт-дәстүрді өскелең ұрпаққа үйретіп жүрген ұстаздығы бір төбе. Құсбегі, атбегі Бүркітбайдың есімі тек Жетісу өңіріне ғана емес, ата дәстүрі мен кәсібін құрмет тұтатын қазақ жұртына мәлім. Ұлы Жасұлан әке жолын жалғап, бабы келіскен қыран құстарын өңірлік, республикалық саятшылық жарыстарына қосып, маңдайы жарқырап жүлде алып жүр. Немересі Әлғазиз да ата мен аға тәліміне ден қойып, құс баптаудың қыр-сырын меңгеруде.

Ел тізгінін сеніп тапсыратын тұлғаны сайлаудың, азаматтық парызды өтеудің мән-маңызын өсіп келе жатқан ұрпаққа ұғындыру үшін сайлауға бала-шағамызбен бірге қатысып, саяси науқанға жауапкершілікпен қарап жатырмыз. Қазақстанның әр азаматы ел болашағы үшін маңызды сайлаудан қалыс қалмауға тиіс деп білемін. Іргеміз берік, бірлігіміз бекем, тірлігіміз берекелі болсын! – деді Бүркітбай Файзолла.

Президент сайлауында қандай қызықтар болды? Шолу

Қасым-Жомарт пен Сайлаубек, Сайлаугүл

Жалағаш ауданында сайлау күні Қорғанбаевтар отбасында дүниеге келген сәбиге ата-анасы Қасым-Жомарт деп есім берді.

Бұл – әкесі Қанат Қорғанбаевтың төртінші перзенті. Немересінің есімін атасы, Жалағаш ауданына белігі суретші, оқушылар үйінде 40 жылдан астам бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруға қызмет еткен Жұматай Қорғанбаев қойыпты. Ал әжесі кітапқанада ұзақ жылдар еңбек етіп, зейнетке шықса, баланың анасы аудан орталығындағы №201 мектеп-лицейінің мұғалімі. Қанаттың өзі – ішкі істер саласында қажырлы еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі тәртіп сақшысы. Бүгінде ол Жалағаш кентінде учаскелік полиция инспекторы болып жұмыс жасайды.

Отбасымызбен сайлауға қатысамыз. Бұл біз үшін дәстүрге айналған. Себебі елдің болашағы – біздің отбасымыздың болашағы. Сондықтан Тәуелсіз қазақстанның болашағы үшін дұрыс шешім қабылдағанды жөн деп санаймын. Бүгін де сайлауда өз таңдауымызды жасадық. Осыған отбасымызбен баратын едік, бүгінгі саяси науқанда келінім перзентхана болып, түгел қатыса алмадық. Барлығы жақсылық қой. Елдің қамын ойлайтын, Қазақстанның жарқын болашағына жұмыс жасайтын азамат болсын деп есімін Қасым-Жомарт қойдым. Ал бүгінгі сайлауда кімге дауыс бергенім құпия болсын, – дейді Қасым-Жомарттың атасы Жұматай Қорғанбаев.

Атырау қаласының тұрғындары сәбилерін Сайлаубек пен Сайлаугүл деген есім қойды. 

Жалпы бүгін президент сайлауында елімізде 634 кішкентай азамат дүниеге келді, оның ішінде – 6 егіз, 328 ұл және 306 қыз.

Жаңа отау құрғандар дауыс берді

Қазақстанның әр өңірінде некеге тұрып, той көйлегін киген жұптар сайлау учаскесіне келіп дауыс беріп жатты. Солардың бірі бүгін некесін қидырған Кәрібай Алтынбек пен Гүлбаршын Әлімханова Қарағандының №82 сайлау учаскесінде дауыс берді. Олар учаскеге той киімімен келді.

Біз елімізді экономикасы тұрақты, болашағы зор, аяғынан нық тұрған мемлекет деп сеніммен айта аламыз. Жаңадан қабырғасы қаланып жатқан қоғамның бір бөлшегі ретінде дауыс беруге тиіспіз деп шештік. Біз өз таңдауымызды жасадық, – дейді жас жұбайлар.

Президент сайлауында қандай қызықтар болды? Шолу

Шымкентте №77 мектепте орналасқан №77 сайлау учаскесінде жаңадан отау құрған Дәурен Тойбол мен Ақмарал Қалдыбаева дауыс берді.

Еліміз үшін айтулы күнде отбасымыздың құрылғанына қуаныштымын. Қалыңдығым екеуміз міндетті түрде кезектен тыс Президент сайлауына қатысып, тарихи күнді шаңырақ көтерген күнімізбен байланыстырғымыз келді. Мінекей, дауыс беруге, өз таңдауымызды жасауға келіп тұрмыз, - деді Дәурен Тойбол. 

Қазақстандағы ең қарт адам дауыс берді

Қазақстандағы ең қарт адам, Алматы облысы Іле ауданындағы Өтеген батыр ауылының тұрғыны 111 жастағы Нұржамал Мергенбаева сайлауда дауыс берді. Нұржамал Мергенбаева 1911 жылы 2 сәуірде дүниеге келген. Соғыс жылдарында тылда еңбек еткен. Қазір қария төрт баладан 15 немере, 12 шөбере, 5 шөпшек сүйіп отыр.

Президент сайлауында қандай қызықтар болды? Шолу

Көкпаршылар сайлауға атпен келді

Батыс Қазақстан облысында көкпаршылар сайлау учаскесіне атпен келді. "Сырым батыр" командасының капитаны Төлеби Қайыржановтың айтуынша, көкпаршылардың көбі Өлеңті ауылында тұрады. Олар №293 сайлау учаскесіне бірдей киім киіп, атпен келеміз деп шешкен.

Сондай-ақ, Ақтау қаласының 76 жастағы тұрғыны Валентин Байдаков кезектен тыс президент сайлауында дауыс беруге қазақтың ұлттық киімі – шапанмен келді. Ол №18 сайлау учаскесінде дауыс берді.

Сайлауда дауыс беру үшін Алматыдан Павлодарға ұшып келген студент

Сәтпаев университетінің бірінші курсында оқитын жақында 18 жасқа толған Эмир Жүнісов сайлауға қатысып, өз таңдауын жасау үшін Алматыдан Павлодарға арнайы келген. Ол сайлауға қатысу әр азаматтың борышы деп есептейді. Сол себепті өзі де таңдау жасаудан шет қалмаған. 

Президент сайлауында қандай қызықтар болды? Шолу

Батырлар мен бауырсақ

Семейдегі №256 сайлау учаскесінде азаматтарды қазақ батырлары қарсы алып, ал ұлттық киім киген әжелер баршаға бауырсақтан дәм татуға шақырды. Бұл сайлау учаскесі қалалық мәдениет үйінің ішінде орналасқан. Өз дауысын бергеннен кейін сайлаушылар алпауыт батырлармен және әжелермен суретке түсуге асықты.

Президент сайлауында қандай қызықтар болды? Шолу

Өскеменде сайлауға келген адамдарға 1 тоннаға жуық бауырсақ таратылды. Сондай-ақ учаскелерде қазақ ұлттық тағамдары қойылған дастархан жайылды.

Сонымен қатар Шымкент қаласында да сайлаушыларға дастархан жайылып, палау берілген. Сондай-ақ бірқатар өңірде сайлаушыларға түрлі сыйлық таратылған.

Өзгелердің жаңалығы