Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚХА мүшесі, білім меценаты, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызыметкері Бекзат Алтынбеков 2019 жылғы 9 маусымдағы сайлауға қатысты пікір білдірді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жасаған үндеуінде 9 маусымда Президент сайлауы өтетіні жарияланды. Бұл кез келген мемлекетте болатын үлкен елеулі оқиғалардың бірі, әрі бірегейі деп қабылдауымыз керек. 30 жылдан астам уақыт бойы қазақ жері қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған жақсы заманды өмір сүріп келеді деп есептейміз. Әр кезеңдерде әр мемлекеттің дамуында түрлі күрделі кезеңдер болады. Оның бәрін аман-саулықпен, бірлікпен өткіздік. Кешегі Президенттің үндеуі – Қазақстан халқының Елбасының өз өкілеттігін тоқтатқаннан кейінгі күтіп отырған елеулі оқиғаларының бірі еді. Міне, соны Президентіміз Қазақстан халқына үндеуі арқылы жеткізді. Ендігі басты мақсат – біз осыған дейінгі елдігімізден, бірлігімізден, ешқандай айырылып қалмауымыз керек. Ұлт есебінде ұсақталудан сақтануға тиіспіз. Мемлекет есебінде беріктігімізді, ірілігімізді көрсетуіміз керек деп есептейміз», - деді ол.
ҚХА Кеңесінің кеңейтілген отырысы кезінде журналистерге берген пікірінде Бекзат Алтынбеков Қазақстан халқы осы сәтте ынтымағын таныта білуі тиіс.
«Кешегі Президентіміздің үндеуін баршамыз қолдаймыз. Мен Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңес мүшесі есебінде, Қарағанды облыстық мәслихаттың депутаты ретінде айтарым: жалпы осыған дейін Елбасына құтты тұғыр болған Арқа жұрты – ол сайлауда өзінің бекемдігін, бірлігін, татулығын тағы да көрсетеді деп ойлаймыз. Барша халықтың тілейтіні – әділ сайлау. Біз соған қол жеткіземіз деп есептейміз», - дейді Бекзат Алтынбеков.
Еске сала кетейік, бұған дейін ҚХА Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев сайлауға қатысты пікір білдіріп, ассамблея мүшелері Үндеу қабылдаған болатын.