Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасының президенттігіне кезектен тыс сайлауға Nur Otan партиясы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды. Бұл шешімді қарағандылық дәрігерлер қолдап отыр.
Аймақтың денсаулық сақтау мекемелерінде еңбек ететін дәрігерлер Nur Otan партиясының ХІХ съезіндегі ҚР президентінің сайлауына Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсыну туралы шешімін қолдайды. Бұл жайында Денсаулық сақтау басқармасында өткен Қазақстан Республикасы президенттігіне үміткерді қолдауға арналған жиында айтылды.
«Партияның съезінде қабылданған шешім бәріміз үшін де тарихи мәнге ие. 9 маусымда еліміздің президентін сайлаймыз, сонда барлығы белгілі болады. Ал, Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы бастаған саясатты әрі қарай жалғастыратын саясаткер деп ойлаймын», - дейді Қарағанды облысының бас неврологы Михайл Мазурчак.
Медицина мекемесінде өткен жиынға екі жүзге тарта адам қатысқан, олар бірауыздан Nur Otan партиясының шешімін қолдайтындықтарын айтып, партияның халықтың әл-ауқатын көтеру мен елдегі тұрақтылықты сақтауға бағытталған шараларына оң бағасын берді.
«Көпұлтты еліміз бейбіт күнде өмір сүріп жатыр. Қазақ елінің болашағы үшін, экономикасыз дамуы мен халықтың денсаулығына қолдау көрсетіп келе жатқан Nur Otan партиясының шешімін қолдаймыз. Ынтымағымыз жарасып, ауызбіршілікте өмір сүре берейік», - дейді Қарағанды облыстық туберкулезге қарсы диспансердің директоры Қалдыбек Исмаилов.