Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезектен тыс президент сайлауын өткізу жайлы шешіміне байланысты қарағандылық белсенді жастар пікір білдіруде.
«Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалының жастар қанатының мүшелері ҚР президентінің кезектен тыс сайлау өткізу жайлы шешімін қолдайды. Бұл «Жас отан» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев мәлімдеді.
«2019 жылдың 9 маусымында Президент сайлауының өтуін Қарағандының жас буыны толық қолдайды деп ойлаймын. Бұл - дұрыс әрі қажетті қадам. Осы шешім арқылы біздің елімізде әділ және құқықтық қоғам қалыптасқанын, жоғары биліктің ауысуы Конституцияға сай өтетінін көруге болады. Еліміздегі мұндай жағдай Тұңғыш Президентіміздің мықты саяси ерік-жігері мен қырағылының арқасында орнады. Осының әсерінен еліміз халықаралық аренада беделге ие болды», - дейді «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалының «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев.
Нұржан Жетпісбаев жастардың алдына үлкен міндеттер қойылғандығын айтады.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жастардың алдында үлкен міндеттердің тұрғанын бірнеше рет айтқан болатын. Оның бастысы елімізді әлемдегі дамыған мемлекеттердің қатарына қосу. Қазіргі уақыттағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму үрдісі бұл мақсатқа жетудің қиын еместігін көрсетеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің үндеуінде алдағы ҚР Президент сайлауы біздің сыртқы және ішкі саясатымыздың тұрақтылығын көрсететіндігін атап өтті. Бұл қадам қазақстандық қоғамның тұтастығы мен қуаттылығын тағы бір мәрте дәлелдейді, орындалып жатқан реформалардың тиімділігін көрсетеді. Біздің халқымыз біртұтас және дұрыс жолмен келе жатыр», - дейді Нұржан Жетпісбаев.