Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа үндеуіне орай еліміздің түкпір-түкпіріндегі ел азаматтары пікір білдіруде.
«Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 9 маусым күні кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы шешімін толық қолдайтындығын айтады.
«Конституция бойынша Қазақстан Республикасының Президентін халық сайлайды. Ата Заңымыздың 40-41-бабтарында Мемлекет басшысы кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы шешім қабылдай алады. Демек, Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімі заңды. Конституцияда «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, құқықтық, зайырлы және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» делінген. «Қазақстанда Ең қымбат қазына – адам, адамның өмірі, құқықтары мен бостандығы» деп көрсетілген. Сондықтан көпұлтты Қазақстанда мемлекет басшысын халық жабық дауыс арқылы сайлайды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы сайлаудың ашық, әділ, демократиялық жағдайда өтетініне кепіл болатындығын да жеткізді. Оның үстіне, дүниежүзіндегі саяси, қоғамдық қауіпсіздік пен ахуалдың тез өзгеріп, құбылып тұрғанын қөріп отырмыз. Осындай кезде елімізде сайлау өткізудің маңыздылығы жоғары», - дейді Қасымхан Төлендиев.
Қасымхан Төлендиев қазақстандықтарды бір адамдай сайлауға қатысуға шақырды.
«Шүкір, елімізде тыныштық орнаған. Мемлекетіміздің саяси-қоғамдық, әлеуметтік жағдайы тұрақты, экономика даму үстінде. «Қазақстан – 2050» Стратегиясы жемісті іске асырылуда. Сондықтан ертеңгі күнімізге үлкен сеніммен және зор үмітпен қараймын. Көпұлтты Қазақстанда бейбіт өмір сақталсын, тәуелсіздігіміз баянды, мәнгілік болсын десек, Президент сайлауына бәріміз бір адамдай, ұйымшылдықпен белсенді қатысайық. Патриот екенімізді дәлелдейік, ағайын. Қазақ елін лайықты басқаратын, қазақстандықтардың өмірін бүгінгіден де жақсартатын, мемлекетімізді бай, қуатты ететін адамды таңдайық», - деді ол.