Президент: Қытаймен ынтымақтастықты нығайту Қазақстанның орнықты дамуына мүмкіндік береді

19 Мамыр 2023, 10:50
2227
Бөлісу:
Президент: Қытаймен ынтымақтастықты нығайту Қазақстанның орнықты дамуына мүмкіндік береді
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші «Орталық Азия – Қытай» саммитінде осылай деді, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, Қытай – әлемдегі аса ірі инвестор және жаһандық экономиканың көшін бастап тұрған мемлекеттердің бірі.

Бүгінгі саммит көне Сиань қаласында өтуде. Мұның зор символдық мәні бар. Өйткені, Ұлы Жібек жолы осы жерден бастау алған. Біздің елдеріміздің өткен тарихы, бүгіні және болашағы осы жол арқылы тығыз байланысып жатыр. Сиань – Қытайдың бай тарихи-мәдени мұрасын, сонымен қатар, кемелденген күш-қуатын әйгілеп тұрған қала. Қытай – әлемдегі аса ірі инвестор және жаһандық экономиканың көшін бастап тұрған мемлекеттердің бірі. Сондықтан, Қытаймен жан-жақты ынтымақтастықты нығайту Қазақстанның орнықты дамуына мүмкіндік береді. Орталық Азия елдерінің әлеуетін Қытайдың орасан зор экономикалық қуатымен ұштастыру аса маңызды. Бұл қадам көп қырлы серіктeстігімізге тың серпін берері сөзсіз. Біздің еліміз осы мақсатқа жету үшін бар күш-жігерін жұмсауға дайын, - деді ол.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы ортақ мүддеге сай келетін ынтымақтастықтың маңызды бағыттарына тоқталды.

Ортақ мүддеге сай келетін ынтымақтастығымыздың маңызды бағыттарына тоқталғым келеді. Бірінші, Тауар айналымын арттыруымыз керек. Соңғы жылдары Орталық Азия елдерінің экономикалық қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілді. Былтыр Қазақстанның осы аймақтағы мемлекеттермен алыс-берісі 19 пайызға өсті. Яғни, 8 миллиард доллар болды. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 15 миллиардқа дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Аймақтың Қытаймен сауда-саттығы да қарқынды дамып келеді. Былтыр бұл көрсеткіш 70 миллиард долларға жетті. Оның 45 пайызы Қазақстанға тиесілі. Қытай мен Орталық Азия арасындағы тауар айналымын 2030 жылға қарай 100 миллиард долларға жеткізуге барлық мүмкіндік бар, - деп атап өтті Тоқаев.

Бұдан бөлек Президент электронды сауда саласында өзара алыс-берісті арттыру үшін қосымша мүмкіндік бар екенін айтты.

Электронды сауда саласында өзара алыс-берісті арттыру үшін қосымша мүмкіндік бар. Бұл бағытта Қытайдың көш бастап тұрғаны сөзсіз. Онлайн сауданы дамыту аса маңызды. Бұған жаппай шектеулер кезінде көзіміз анық жетті. Қытайдың «Alibaba Group», «JD COM» сияқты интернет алпауыттарының осы саладағы тәжірибесі мен әлеуеті орасан зор. Орталық Азия елдерінің нарықтағы бәсекеде өз артықшылықтары бар. Осы орайда, Қазақстан Қытайдың ірі электронды сауда алаңдарын кеңінен пайдалануды ұсынады. Бұл қадам өнімдерімізді нарыққа бірлесе шығару үшін аса маңызды. Кеше JD COM платформасында Қазақстанның ұлттық павильоны ашылды, - деді Президент.

Өзгелердің жаңалығы