Президент: Қылмыскерлермен күрес ымырасыз жүргізілуі тиіс

30 Маусым 2023, 12:21
519
Бөлісу:
Президент: Қылмыскерлермен күрес ымырасыз жүргізілуі тиіс
Фото: Ақорда

Бұл туралы Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қылмыстың ұйымдасқан түрлері мемлекет пен қоғам үшін зор қауіп төндіреді. Ел ішінде болған жайттар, сондай-ақ төңірегіміздегі геосаяси кеңістікте болып жатқан оқиғалар ұйымдасқан қылмыстық топтармен ымырасыз күрес жүргізудің аса маңызды екенін көрсетті. Ұйымдасқан қылмыстық топ өкілдерімен «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге баруға, астыртын мәміле жасауға, сыбайластыққа жол берілмейді әрі қатаң тыйым салынады. Олардан қаһарман жасаудың керегі жоқ. Кезінде Абай «Күшік асырап, ит еттім, ол балтырымды қанатты. Біреуге мылтық үйреттім, ол мерген болды, мені атты» деп айтқан. Таяудағы оқиғалар қылмыс әлемінің өкілдері, түптеп келгенде, мемлекет пен заңға бағынатын азаматтарға қарсы бас көтеріп, саяси талап қоюға және өз дегенін жасатуға тырысатынын көрсетті, - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы қоғамда заң мен талап қатаң сақталуы тиіс екенін айтты.

Жалпы заңға бағыну мен құқық бұзушылықтың ара-жігін нақты ажырата білу қажет. Тағы да қайталап айтамын. Қоғамда Заң мен Тәртіп қатаң сақталуы керек. Сонда ғана еліміз өсіп-өркендейді. Бұл – мызғымас қағида. Қылмыскерлермен күрес ымырасыз жүргізілуге тиіс. Бірде бір құқық бұзушылықты елеусіз қалдыруға болмайды. Мұнда ұсақ-түйек деген жоқ, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өзгелердің жаңалығы