Президент: Қазақ журналистикасының деңгейі жоғары екені күмәнсіз

17 Ақпан 2022, 21:34
1917
Бөлісу:
Президент: Қазақ журналистикасының деңгейі жоғары екені күмәнсіз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «QAZAQSTAN» ұлттық телеарнасына берген сұхбатында жауап берді.   

Сұхбат барысында Президент еліміздегі журналистика деңгейіне қатысты өз ойын ортаға салды.  

Жалпы қазақ журналистикасының деңгейі төмен деп айтуға болмайды. Керісінше қазақ журналистикасының деңгейі жоғары екені күмәнсіз. Қаңтар оқиғалары кезінде ақпараттық вакуум болды. Оны кәсіби тұрғыда дайындалған лаңкестер, қылмыскерлер өз мүддесіне пайдаланды. Интернетті бұғаттауға мәжбүр болдық. Бұл – әлемдік практика. Бірақ басқа да ақпарат құралдарымыз бар ғой. Содырлар кейбір теле-радио арналардың ғимаратын өртеп, қиратты. Одан басқа ақпарат құралдары үздіксіз хабар таратты. Ешқандай шектеу болған жоқ, - деп атап өтті Мемлекет басшысы. 

Сонымен қатар баспасөз бостандығына қатысты пікір білдірді. 

Ал, баспасөз бостандығына келсек, бізде заң бойынша цензура жоқ. Ақпарат еркіндігін барынша қамтамасыз етіп жатырмыз. Бірақ, еркіндік деген ойыңа не келсе, соны айту емес. Кез келген демократиялық елдерде жалған ақпарат таратқан адам жауапқа тартылады. Мен әрбір журналист, ең алдымен, мемлекетшіл азамат болуы керек деп санаймын. Осы орайда Н. Некрасовтың: «Ақын болу шарт емес, азамат болу – міндетің» деген қанатты сөзі бар. Сондықтан әрқайсымыз еліміздің патриоты болуға тиіспіз. Қазақтың «Айтылған сөз – атылған оқ» деген даналығы бар. Осы ретте, өкінішке қарай, кейбір журналистер жалған ақпарат таратып, елдің мүддесіне қарсы жұмыс істейді, - дейді Президент. 

Сондай-ақ «ақпараттық соғысқа» тоқталып өтті. 

 Қазіргі заманда блогерлер көбейіп кетті. Олардың кейбір әрекеттері кері әсер етеді. Бір блогерлер жақсы жазады. Ал екінші біреулері мәселенің байыбына бармай, зерттемей, үстірт қарайды. Дегенмен, азаматтарымыз ақ пен қараны ажырата алады деп ойлаймын. Расында, ақпараттық «соғыс» бүкіл әлемде болып жатқан үрдіс. Сондықтан, біз де оған бейімделуіміз керек, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өзгелердің жаңалығы