Президент Паралимпиадалық жаттығу орталығына барды

17 Мамыр 2019, 19:38
2560
Бөлісу:
Президент Паралимпиадалық жаттығу орталығына барды
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Паралимпиадалық жаттығу орталығына барды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысына халықаралық қолжетімді стандарттар бойынша қайта жаңғыртылған, мүмкіндігі шектеулі жандарға толықтай ыңғайластырылған жаттығу, ойын залдары, жүгіру жолағы, жекпе-жек және пауэрлифтинг аумағы бар паралимпиада орталығы таныстырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев паралимпиадалық ойындарды мемлекет қолдайтынын әрі халықаралық ареналардағы біздің спортшыларымыздың жетістіктерін мақтан тұтып, жоғары бағалайтынын айтты. Сонымен қатар, Токиода өтетін Паралимпиадалық ойындарда жоғары деңгейде өнер көрсету үшін ұйымдастыру және қаржылық қолдау көрсетілетінін жеткізді.  

"Осы орталықтың арқасында елордамыздағы мүмкіндігі шектеулі жандарға спортпен шұғылдану тегін болып отыр. Елімізде 680 мыңға жуық әртүрлі деңгейдегі мүмкіндігі шектеулі жан бар. Қолымыздағы деректерге қарағанда сол азаматтардың 3%-ы ғана белсенді түрде спортпен айналысады екен. Бұл жағдайды өзгерту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бүгін түске дейін еңбек және жұмыспен қамту бойынша кеңес өткіздім. Сол жиында мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа орналасуын жіті назарда ұстау керектігі айтылды. Бұл – үлкен әлеуметтік міндет. Ерекше қажеттілігі бар адамдардың толыққанды өмір сүруіне бар күшігімізді салуымыз керек", - деді Қазақстан Президенті.

Кездесу соңында мүмкіндігі шектеулі спортшылар өз өнерлерін көрсетті.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті «Боталы» отбасы денсаулығы орталығында болды.

Президент Паралимпиадалық жаттығу орталығына барды

Мемлекет басшысына қаланың алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем желісінің дамуы және «Үйдегі дәрігер» жобасының жүзеге асырылуы жөнінде мәлімет берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарға, әсіресе, қала халқының тұрақты өсу жағдайында медициналық көмектің сапасын арттыру және оның қол жетімді әрі жақын болуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Қазақстан Президенті медициналық кабинеттерді, жеңілдікпен дәрі-дәрмектер берілетін дәріхананы аралап көрді. Сонымен қатар, заманауи цифрлық технологияны қолданатын тіркеу бөлімінің жұмысымен танысты.

Келесі кезекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласындағы №68 мектеп-гимназияға барды.

Президент Паралимпиадалық жаттығу орталығына барды

Мемлекет басшысына елордадағы орта және мектепке дейінгі білім жүйесінің қазіргі ахуалы мен оның келешек даму перспективалары, сондай-ақ, арнайы білім беруді қажет ететін балаларға жасалған жағдай жөнінде мәлімет берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Нұр-Сұлтан қаласындағы білім беру мекемелерінде жүргізіліп жатқан цифрландыру жұмыстарының нәтижелері баяндалды. Соның ішінде, балабақшаларға кезекке қою және жолдама беру, мектепке қабылдау және мектептен мектепке ауысу, оқу орнына кіруге арналған бірыңғай электронды карта және оқушылардың тамағы мен жолақысы үшін ақшасыз төлем жүйесін енгізу сияқты үдерістерді онлайн форматына көшіру жөнінде айтылды.

Президент Паралимпиадалық жаттығу орталығына барды

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті мектеп-гимназиядағы «Шұғыла» комьюнити орталығы» қосымша білім беру орталығының жұмысымен танысты. Ол астанадағы Оқушылар сарайының филиалы саналады.

Мұнда балалардың қабілетін дамытуға арналған 5 студия мен 13 үйірме тегін жұмыс істейді. Бұл үйірмелерге онлайн жүйесі арқылы жазылуға болады.

Өзгелердің жаңалығы