Президент онлайн-петициялар институтын ресімдеу қажеттігін айтты – сарапшы

15 Қаңтар 2021, 21:21
1483
Бөлісу:
Президент онлайн-петициялар институтын ресімдеу қажеттігін айтты – сарапшы

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы VII сайланған Мәжілістің бірінші сессиясы барысында халықтың қалың жігіне қатысты бірқатар жаңа бастаманы атап өтті. Одан әрі саяси жаңғырту бағытында онлайн-петициялар институтын заң жүзінде ресімдеу қажеттігі айтылды. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің аға ғылыми қызметкері Слямжар Ахметжаров айтты

Оның айтуынша, онлайн-петициялар институты әлемнің көптеген елінде жұмыс істейді. Жақсы мысалдардың бірі – Финляндия тәжірибесі. 

Финляндия Үкіметі мақұлдаған Open Ministry краудсорсингтік платформасы халық арасында онлайн форматта қол жинауға мүмкіндік береді. Осы платформада тіркелген пайдаланушылар заң жобаларын ұсынады. Әрі қарай егер ұсынылған заң жобасы алты ай ішінде басқа тіркелген пайдаланушыларды қолдауға 50 000 дауыс жинаса, онда ол Финляндия Парламентіне дауыс беруге шығарылады, - дейді сарапшы.

Сонымен қатар, ол онлайн-петиция институты мемлекеттік жүйенің маңызды элементі болып табылады деген ойын білдірді. 

Біріншіден, петициялар халықтың азаматтық белсенділігінің өсуіне ықпал етеді. Тұрғындарда біртіндеп әртүрлі бастамаларды ұсыну, қол жинау, қоғамдық жағдайды бақылау және азаматтық белсенділіктің басқа да түрлері қалыптасады. Екіншіден, петиция азаматтардың заң нормаларын ашық нысанда қолдауға не қабылдауға қарсы шығуға мүмкіндігінің туындауына байланысты неғұрлым сапалы заң жобаларын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Үшіншіден, өтініштер билік үшін әлеуметтік көңіл-күйдің өзіндік көрсеткіші болып табылады. Көп дауыс жинаған петициялар мемлекеттік органдар тарапынан ерекше назар аударуды және шешу шараларын талап ететін проблемалардың бар екенін көрсететін болады, - дейді С. Ахметжаров.

Оның пайымдауынша, Қазақстанда онлайн-петиция институтын енгізу оны іске асыру тетіктерін пысықтауды талап етеді. 

Бұл институттың тиімді жұмыс істеуі үшін азаматтарға онлайн-петиция беруге мүмкіндік жасайтын бірыңғай мемлекеттік портал құру мүмкіндігін қарастыру қажет. Сондай-ақ, міндетті түрде мемлекеттік құрылымдар тарапынан қаралатын петициялар үшін мәнді межені анықтау қажет. Бұдан басқа азаматтардың түпнұсқалық растамасы - ЭЦҚ, СМС-тексеру, электрондық поштаны тіркеу және басқа нысандар мәселелерін қарастыру қажет, - дейді сарапшы.

Өзгелердің жаңалығы