Президент мемлекеттілік пен елдің бірлігін сақтап қалды – Бектаев

10 Ақпан 2022, 10:38
1156
Бөлісу:
Президент мемлекеттілік пен елдің бірлігін сақтап қалды – Бектаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенат депутаты Әли Бектаев вице-премьер Ералы Лұқпановтың атына жазылған сенаторлардың депутаттық сауалды оқып берді. 

Биылғы жыл еліміз үшін күрделі ахуалмен басталды. Бұл оқиға халыққа да, билікке де үлкен сабақ болды. Қиын-қыстау шақта жағдайды бақылауда ұстауға міндетті мемлекеттік органдардың қауқарсыздық танытқанын көрдік. Мемлекеттің Тәуелсіздігі мен болашағына қауіп төнген сондай қысылтаяң кезде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев барлық жауапкершілікті өз мойнына алып, уақтылы әрі батыл стратегиялық шешімдер қабылдады. Ең бастысы, Президентіміздің батыл шешімдерінің арқасында мемлекеттігіміз бен еліміздің тұтастығын сақтап қалдық. Мемлекет басшысы барлық жағдайды ашып айтып, теледидар арқылы халыққа дер кезінде бірнеше үндеу жариялап, ашық ақпараттық саясат ұстанды,-делінген бірқатар сенаторлар дайындаған депсауалда.

Ол атағандай, қазіргі уақытта Президент Үкімет алдына жаңа Қазақстанды құруға бағытталған нақты міндеттер қойды. 

Сенатор бұл бағытта ұлттық идеологияны қалыптастыру керек деп санайды, оның басымдықтарының бірі жастармен жұмысты күшейту болуы тиіс. Сол қаңтар күндері алаңға жастар шықты, олардың көпшілігі деструктивті күштердің арандатуына бой алдырды. Жастар саясаты заман талабынан да, жастар талабынан да қалып отыр. Жастар саясатын формализмнен арылтып, оларды тәрбиелеу мәселесімен тыңғылықты айналысу, елімізде рұқсат етілмеген деструктивті діни ағымдармен күресудің нақты шараларын қолға алу маңызды, - деді Бектаев. 

Ол атағандай, жедел шешуді талап ететін проблемалардың бірі - өскелең ұрпақ арасындағы жұмыссыздық.

Сенатор өзінің депутаттық сауалында бұл мәселені шешу үшін де пәрменді шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

Үкіметтің жыл сайынғы есептеріне қарап отырсақ, әр өңірде мыңдаған жұмыс орындары ашылып жатады. Түрлі мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде көптеген кәсіпорын  ашылып, жүздеген адам жұмыспен қамтылды деген жаңалықтарды да естиміз. Бірақ жастар арасындағы жұмыссыздық көбеймесе, азаймай отыр. Сондықтан Үкімет жұмыссыздықты жою ісінде жалған есепке жүгінбей, нақты істерге көшуі қажет, - деді Әли Бектаев.

 

Өзгелердің жаңалығы