Президент мемлекеттік наградалар тапсыруға арналған салтанатты рәсімге қатысты

14 Желтоқсан 2020, 17:16
1485
Бөлісу:
Президент мемлекеттік наградалар тапсыруға арналған салтанатты рәсімге қатысты
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы өз сөзінде жиынға қатысушыларды Тәуелсіздік күнімен құттықтап,  Тәуелсіздік – мемлекеттігіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі екенін атап өтті.    

Тарихы бай, тамыры терең Қазақ елі үшін бұдан асқан қастерлі құндылық жоқ. Оны ең қымбат қазынаға, ең асыл аманатқа балаймыз. Сондықтан бабалар аңсаған Тәуелсіздіктің қадірін жан-жүрегімізбен сезінеміз. Егемендік – әр халыққа бұйыра бермейтін баға жетпес бақыт. Тәуелсіздік шежіресі Тұңғыш Президентіміз – Елбасының тарихи тұлғасымен тығыз байланысты, - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев пандемия салдарынан еліміздің басты ұлттық мерекесін кең көлемде атап өту мүмкін болмағанын айтты. Азаматтарымыздың денсаулығы, өмірі және әл-ауқаты бәрінен жоғары тұрады. Сондықтан барлық іс-шара шектеулі форматта және онлайн режимде өтеді. Бірақ бұл жағдай Тәуелсіздік күнінің құны мен маңызын еш төмендетпейді. Президент ұлық мерекенің салтанатты рухы әр шаңырақты шаттыққа бөлеп, әр қазақстандықтың жүрегін қуанышқа толтыратынына сенім білдірді.  

Президент мемлекеттік наградалар тапсыруға арналған салтанатты рәсімге қатысты

Президент лауазымындағы менің басты міндетім – әлеуметтік әділдік және халықтың әл-ауқатын арттыру. Сондықтан мемлекеттің күнделікті іс-әрекеті азаматтарымыздың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталады. Биыл 4 миллионға жуық азаматтың зейнетақысы мен әлеуметтік төлемақыларының көлемін өсірдік. Әлеуметтік сақтандыру төлемақысын 5 пайызға көбейттік. Аз қамтылған отбасылардың 500 мыңнан астам балалары үшін кепілдендірілген әлеуметтік топтама енгіздік. Пандемия кезінде қиын жағдайға тап болған адамдарға қолдау көрсету үшін өңірімізде бұрын-соңды болмаған қадамға бардық. Азаматтарға 42500 теңге көлемінде тікелей төлемақы берілді. Мемлекеттен 4,5 миллионнан астам адам қаржылай көмек алды. Несиелердің шегерілуі 1 миллион 900 мыңға жуық қазақстандықтың дефолтқа түсуіне жол бермеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент геостратегиялық белгісіздік жағдайында мемлекеттердің халықаралық аренадағы саяси өзімшілдігі мен экономикалық ұлтшылдығы күшейетініне назар аударды. Бүгінде халықтардың жаһандық мәртебесі көбінесе технологиялық көшбасшылық үшін болатын қатаң бәсекеде анықталады.

Президент мемлекеттік наградалар тапсыруға арналған салтанатты рәсімге қатысты

Ел дамуының сыртқы және ішкі міндеттерінің өзара үйлесімді ұштасуының маңызы артып келеді. Біз Қазақстанның шынайы бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін барлық күш-жігерімізді және ресурстарымызды жұмылдыруымыз қажет. Бүгінде ұлттың шоғырлануы және әрбір азаматтың Тәуелсіздік құндылықтарына шексіз қызмет етуі өте маңызды. Біз көпжақты құрылымдар мен БҰҰ рөлін күшейтуге ықпал ете отырып, халықаралық қауіпсіздік жүйесін нығайту жолындағы сыртқы бағдарымызды жалғастыра береміз. Ұлттық мүдделерімізді қатаң ұстанып, заманауи көпжақты әлемде тиімділігін дәлелдеген үйлесімді әрі сындарлы сыртқы саясатымызды дәйекті жүргіземіз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздігіміздің 29-жылы күрделі, қиын әрі ерекше болғанын атап өтті. Мұндай тағдыршешті сынақтар әр ұрпақтың басына түсе бермейді. Жаһандық дағдарысты еңсерген мемлекетіміз бұдан да зор мақсаттар мен міндеттерді көздейді. 

Президент мемлекеттік наградалар тапсыруға арналған салтанатты рәсімге қатысты

Алдағы жыл – межелі кезең. Бұл жыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтеді. Бұл - өткенге көз жүгіртіп, қорытынды жасайтын уақыт. Халқымыз үшін осы маңызды датаны нақты істермен және жаңа жобалармен қарсы аламыз. Даңғаза ақциялар мен даурықпа шаралардан бас тартып, бүкіл іс нақтылыққа құрылатын болады. Экономика, әлеуметтік сала, экологиядағы жүйелі шаралардың көлемді кешенін іске асыруды жалғастырамыз. Тұрғындардың барлық топтарының, әсіресе, жастар, әйелдер, мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттіліктеріне баса мән береміз. Біз еліміздегі саяси жаңғырту үдерісін жалғастыра береміз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы келесі жылдың басында жарияланатын жаңа реформалар топтамасы туралы айтты. Бұл «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруға, әділет және тең мүмкіндіктер қағидаттарын бекітуге бағытталған Қазақстандағы демократиялық түрленуге тың серпін береді. Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихаттарға сайлау өткізу келесі жылдың тағы бір маңызды оқиғасы болмақ. Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы сайлау жоғары азаматтық белсенділік танытып, қоғамның саяси сауатты екенін көрсететініне сенім білдірді. Сайлау науқаны қазақ мемлекеттілігінің институционалдық тұрақтылығын дәлелдейді.

Президент өз сөзінде Мемлекет басшысының қолынан марапат алған қазақстандықтардың сіңірген еңбегіне жоғары баға берді.

Мемлекет басшысының салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінің толық мәтінімен мына сілтеме арқылы танысуға болады

Өзгелердің жаңалығы