Президент: Мәжіліске көзқарасы әртүрлі саяси ұстанымдағы күштер келді

29 Наурыз 2023, 10:17
818
Бөлісу:
Президент: Мәжіліске көзқарасы әртүрлі саяси ұстанымдағы күштер келді
Фото: ҚР СІМ баспасөз қызметі

Мәжіліске көзқарасы әртүрлі саяси ұстанымдағы күштер келді. Бұл туралы VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тоқаев атап өткендей, Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлауда үгіт-насихат кезеңін және дауыс беру барысын бұқаралық ақпарат құралдары жан-жақты көрсетті. Сондай-ақ партияларға, үміткерлерге бірдей мүмкіндік берілді. 

Президенттің сөзінше, мұны отандық және шетелдік байқаушылар да айтып отыр. 

Қандай да бір саяси ұйымға артықшылық берілген жоқ. Президент ешбір партияның мүшесі емес. Облыс әкімдері партия бөлімшелеріне жетекшілік етпейді. Жоғары лауазымды қызметкерлер партия тізімінде болған жоқ. Яғни, барлық партиялар сайлауға бірдей жағдайда қатысты. Сайлаушылар да, үміткерлер де айрықша белсенді болды. Саяси партиялар әр аймақта ел назарын өзіне аудару үшін тартысқа түсті. Бірнеше рет тікелей эфирде партиялар арасында қызу және тиімді пікірталас болды. Бұл – демократиялық қоғам үшін қалыпты үрдіс, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында.

Айтуынша, мұның бәрі Қазақстанда ашық азаматтық қоғамның нығайып келе жатқанын көрсетіп отыр.

Сайлау науқаны кезінде көптеген орынды сын, байыпты ұсыныс айтылды. Біз айтылған салмақты ұсыныстарды міндетті түрде зерделейміз. Бәсеке жоғары болғандықтан, сайлау нәтижесін алдын-ала болжау мүмкін емес болды. Оның қорытындысы еліміздің нағыз көппартиялы мемлекетке айналу жолында маңызды қадам жасағанын көрсетті. Мемлекет басшысы ретінде айтарым, Мәжіліске көзқарасы әртүрлі саяси ұстанымдағы күштер келді деп есептеймін. Алғаш рет ұзақ жыл бойы оппозицияда болған партия Парламентке өтті. Біз осының бәріне ауқымды саяси реформаның арқасында қол жеткіздік. Партияларды тіркеу мәселесін реттейтін заңнаманың өзгеруі де бұған септігін тигізді, - деп айтты Тоқаев.

Өзгелердің жаңалығы