Бұл туралы Ақорданың ресми Телеграм каналы жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ең алдымен, СОР28 саммитіне төрағалық еткені үшін Жоғары Мәртебелі шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянға зор алғысымды білдіремін. Бүгінде жер шарындағы халықтың тең жартысы климаттың өзгеруі жоғары дәрежеде әсер ететін өңірлерде өмір сүріп жатыр. Шағын аралдардағы мемлекеттерге, теңізге шығатын жолы жоқ дамушы және дамуы кенжелеп қалған елдерге зор қауіп төніп тұр. Қазіргі геосаяси тұрақсыздық және энергетикалық қауіпсіздіктің болмауы да климат мәселесіне назар аударуды қиындатып отыр, - деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстанның жаңа Экология кодексі туралы да айтты.
Қазақстан болашақ ұрпақ үшін қоршаған ортаны сақтауға бағытталған нақты шаралар қабылдау жөніндегі БҰҰ-ның көкейтесті үндеуін толық қолдайды. Біз Париж келісімін ратификациялаған аймақтағы бірінші елміз және 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын қабылдадық. Қазақстанның жаңа Экология кодексі ұлттық экономикамыздың әрбір секторында «жасыл» технологияларды кеңінен қолдануға ықпал етеді. Елімізде жел мен күн энергиясын пайдалану, сондай-ақ «жасыл» сутегін өндіру үшін зор әлеует бар. Біз осы мүмкіндікті пайдалану мақсатында серіктестерімізбен арадағы тығыз ынтымақтастықты жалғастырамыз. Қазақстан – уран экспорттайтын әлемдегі жетекші мемлекет. Бұл ретте еліміз дүниежүзі бойынша уранның 43 пайыз тасымалын қамтамасыз етеді. Біз жаһандық деңгейде электр энергиясын көміртегі қалдықтарынсыз өндіру ісінде шешуші рөл атқарамыз, - деді ол.
Шын мәнінде, алдағы онжылдықта аса маңызды минералдар, соның ішінде сирек кездесетін минералдар әлемді декарбонизациялау деңгейі бойынша баға жетпес ресурсқа айналады.
Қазақстан өтпелі кезеңде осындай минералдардың негізгі жеткізушісі болуға дайын. Сонымен қатар біз жекелеген «жасыл» бастамаларды белсенді түрде қолдаймыз. Мысалы, Қазақстанның қаптаушылар қауымдастығы пластикалық қалдықтардан құтылу жөніндегі жобаларды жүзеге асыру арқылы экологияны қорғауға өз үлесін қосып отыр. Климатты қорғау үшін экономикасы дамып келе жатқан елдерден ұлттық өркендеуі мен жаңғыруын құрбан етуді талап етпеген жөн. Бұл принципті әрі әділетті ұстаным деп санаймын. Керісінше, аталған мақсаттар қатар жүруі және бір-біріне дем беруі керек. Осы орайда батыл қадамдар жасау қажет, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.