Бұл туралы Мемлекет басшысы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерімен кездесуінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның пікірінше, бұл жұмыста киберқауіптерді ерте анықтауға және ШЫҰ елдерінің ақпараттық инфрақұрылымының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету тетіктерін әзірлеуге баса мән берілуі керек.
Ауғанстандағы жағдай жіті назар аударуды қажет етеді. Бұл елде гуманитарлық дағдарыстың алдын алу және ұзақмерзімді тұрақтылыққа жағдай жасау үшін күш біріктіру жұмыстарын жалғастырған жөн. Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның өңірлік орталығын құру туралы Қазақстанның бастамасын қолдау – өте өзекті. Біз климаттың өзгеруі мәселесіне айрықша назар аударуымыз қажет. Алдын алу шараларын шұғыл қабылдамасақ, бұл мәселе планетамыздағы жаһандық табиғат апаттарын асқындырып жіберуі мүмкін. Ауа райының аса құбылмалы болуы әлемдегі басты проблемалардың біріне айналып келеді. Осыған байланысты ШЫҰ табиғат апаттарымен күресу ісіндегі тәсілдерін жаңартуы қажет. Биыл көктемде біздің еліміз климат өзгерістерінің кері әсерін анық сезінді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстандағы алапат су тасқыны кезінде тілеулестік танытып, көмек көрсеткені үшін сіздердің елдеріңізге шынайы алғысымды білдіргім келеді. Біз бұл қолдауды жоғары бағалаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ШЫҰ-ның алдағы Астана саммиті «Көпжақты диалогты нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» деген атаумен өтетінін жеткізді.
Шанхай ұйымының негізгі мақсаттарының бірі – аймақтағы бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақты дамуды қамтамасыз ету. Мұны аталған күн тәртібі анық көрсетеді. Осы орайда Сыртқы істер министрлері кеңесіне үлкен үміт артылады. Сіздердің жұмыстарыңыздың нәтижесі ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Астанадағы отырысын табысты өткізуге ықпал ететініне сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.
Президент ШЫҰ-ның Астана саммиті қарсаңында белсенді жұмыс атқарғаны үшін сыртқы саясат ведомстволарының басшыларына алғыс айтты
Бұл саммит әлемдік архитектоникада өте маңызды орын алатын ортақ ұйымымыздың тарихына жаңа парақ болып енеді деп үміттенеміз. Шын мәнінде, Шанхай ынтымақтастық ұйымына бүкіл әлем көз тігіп отыр. Біздің қызметімізге басқа державалар қызығушылық танытады. Ұйымға қатысты көптеген сұрақ қойылады. Мен 1996 жылы сәуірде Шанхай Ынтымақтастық Ұйымын құруға қатыстым. Ол кезде бұл ұйым Шанхай бестігі деп аталды. Сол уақыттан бастап Шанхай ынтымақтастық ұйымының рухы қалыптасты. Біз Азиядағы, Еуразия құрлығындағы, жалпы әлемдегі бейбітшілікті, қауіпсіздікті сақтау жолындағы ықпалдастығымыздың негізгі қағидаттарын дәйекті түрде нығайтып келеміз. Бұл – өте дұрыс қадам, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесуге Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров, Қытай Сыртқы істер министрі Ван И, Пәкістан Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхаммед Исхак Дар, Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, Қырғызстан Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев, Тәжікстан Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин, Өзбекстан Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов, Беларусь Сыртқы істер министрі Сергей Алейник, Үндістанның Сыртқы істер вице-министрі Рави Дамму, Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Мехди Сафари, ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин, ШЫҰ Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы Атқарушы комитетінің директоры Руслан Мирзаев қатысты.