Президент: Халықтың сенімі – ең құнды нәрсе

26 Қараша 2022, 11:12
1229
Бөлісу:
Президент: Халықтың сенімі – ең құнды нәрсе

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жұртымыз өз болашағына бей-жай қарамайтынын көрсетті. Азаматтық қоғамның кемел институтқа айналғаны айқын аңғарылды. Саяси алаңға жаңа тұлғалар шықты. Осылайша, халқымыз 20 қарашада өз таңдауын жасады. Сайлау әділ әрі ашық өтті. Бұл байқаушылардың сарапшылар мен журналистердің берген бағасы. Ел-жұрттың белсенділігі ерекше жоғары болды. Кейбір азаматтар бүкіл отбасымен келіп дауыс берді. Бұл науқан ел мүддесі үшін ұлт болып біріге алатынымызды көрсетті, - деп атап өтті Мемлекет басшысы елордада өтіп жатқан Президентті салтанатты ұлықтау рәсімінде.

Сондай-ақ Президент ел тізгінін ұстау – биік мәртебе мен үлкен жауапкершілік екендігін айтты.

Бабаларымыз қай заманда да ел бірлігін бәрінен биік қойған. Біз ата-жолын сақтай білген заманауи және өркениетті ел екенімізді бүкіл дүние жүзіне паш еттік. Бірлігіміздің бекемдігін тағы да бекемдей алдық. Осы сайлауда жұртымыз маған зор сенім білдірді. Шын мәнінде, ел сенімін еш нәрсемен өлшеу мүмкін емес. Халықтың сенімі – ең құнды нәрсе. Сайлау нәтижесін халқымыздың саяси бағдарыма – бағасы, алдағы жоспарыма – батасы деп қабылдаймын. Халқының қолдауына ие болып, ел тізгінін ұстау – ер азамат үшін ең биік мәртебе әрі орасан зор жауапкершілік, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өзгелердің жаңалығы