Президент: Ғылым бар сияқты, бірақ оның нақты пайдасын көрмей отырмыз

Мемлекет басшысы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылыми қоғамдастықпен кездесуінде ғылыми әзірлемелер елге нақты пайда әкелуі керектігін айтты.

 Ақорда Бүгiн 2026, 21:22
Бүгiн 2026, 21:22
94
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысының пікірінше, ғылыми әзірлемелер елге нақты пайда әкелуі керек, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Өкінішке қарай, бұл бұлжымас аксиоманы қайталауға тура келіп тұр, – деп қынжылыс білдірді Президент сөз басында. – Ғылым қорына инновацияны ынталандыруға арналған жаңа құзыреттер берілді. Бірақ жұмыстың нәтижесі жоқ. Қордың қызметін қайта саралау қажет. Өзімізді алдаудың не қажеті бар? Ғылым бар сияқты, бірақ оның нақты пайдасын көрмей отырмыз. Маған үш мыңнан астам қолданбалы ғылыми жобаның тек 193-і ғана коммерцияландыруға лайық деп танылғаны, ал нарыққа бар-жоғы 29 жоба шыққаны баяндалды. Өкінішке қарай, индустрияға әсері, қайтарымы өте аз. Тағы бір келеңсіз жайт: заманауи өндіріс құруға бөлінген жер телімдері бос жатыр. Ал жұмысында олқылықтарға жол берген Ғылым қоры мемлекет қаржысын қайтармағаны өз алдына, тіпті, құқық қорғау органдарына да шағымданбаған. Ештеңе болмаған сияқты. Алайда құқық қорғау органдары грант ретінде алынған ақшаның кейін Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы мен Ғылым қоры қызметкерлеріне аударылғанын әшкереледі. Тексеріс нәтижесі бойынша 11 қылмыстық іс қозғалды. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында өзім шынайы құрметпен қарайтын ғылыми қызметкерлер туралы осындай ұятты деректерді ашық айту оңай емес. Бірақ Конституциядағы Заң мен тәртіп қағидаты ғылым қайраткерлеріне де қатысты. Ғылыми қоғамдастықтың абырой-беделіне нұқсан келтіретін осы жағымсыз жайт жауапкершіліктің болмауы, бақылаудың нашарлығы және процестерді цифрландырудың төмен деңгейі қайда әкеліп соғатынын анық көрсетті. Барлық ғылыми әзірлеме қолданбалы мәнге ие болуға тиіс. Экономиканың нақты секторларына белсенді енгізілуі керек. Әлбетте қазақ ғылымының дамуында сәтті мысалдар баршылық, – деді.

 

Мемлекет басшысы табыс үшін сәтсіздіктен сабақ алу керектігін айтты.

Ауызды қу шөппен сүрте беруге болмайды. Бірақ шынайы табысқа жеткіміз келсе, сәтсіздіктерден сабақ алуымыз керек. Турасын айтқан жөн. Шындықты бұрмалауға түбегейлі қарсымын. Бірақ құр сөз бен мақтангершілікті жақтырмаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Наверх