Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші сессиясы барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Азаматтар елімізде жүзеге асып жатқан ауқымды өзгерістерді жаппай қолдауда. Мұны Құрылтай сайлауы айқын аңғартты. Осы науқанға азаматтарымыздың 74 пайыздан астамы қатысып, дауыс берді. Халқымыз ел тағдырына әсер ететін тарихи таңдауын жасады. Жұртымыз бұл іске зор жауапкершілікпен қарап, қоғамымыздың ауызбіршілігін паш етті. Осылайша, ел бірлігінің мызғымас тірегіне айналған «Әралуан пікір – біртұтас ұлт» қағидаты нақты жүзеге асты, - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Құрылтай сайлауына шетел азаматтарының қызығушылығы жоғары болғанын атап өтті.
Құрылтай сайлауына шетел азаматтарының қызығушылығы өте жоғары болды. Қазақстанға беделді халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттен 800-ге жуық байқаушы келді. Бұл – ұлттық парламентаризм тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Сайлау ашық әрі әділ өтті, өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бүгінде азаматтарымыз саясатқа оң көзбен қарап, қоғамдық істерге белсене араласатын болды. Бұл – жақсы үрдіс. Мұны жұртшылықтың депутаттарға қоятын талабы әрдайым жоғары болады деп түсінген жөн, - деді ол.
Мемлекет басшысы қазіргі заман құр уәденің, жалған сөз бен жалаң ұранның уақыты емес екенін баса айтты.
Біздің қоғам кемелдене бастады. Ел ішінде кәсіби Парламентке деген сұраныс артқанын көріп отырмыз. Құрылтайға білікті мамандардың келуі – осының айқын дәлелі. Әрине, бәсекенің аты – бәсеке. Біреу ұтады, біреу ұтылады. Алайда елімізде өз пікірін білдіруге, өз көзқарасын айтуға неше түрлі тетік бар. Заңымызға сай келетін түрлі мардымды пікірлер, ұсыныстар неғұрлым көп айтылса, елімізге де соғұрлым тиімді болады, нақты пайдасы тиеді, - деді Президент.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші сессиясы ашылғаны хабарланды.
Президент Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуымен құттықтады.