Президент елдегі қордалы мәселелердің оң шешімін тапты - сарапшы

8 Қаңтар 2024, 14:09
454
Бөлісу:
Президент елдегі қордалы мәселелердің оң шешімін тапты - сарапшы
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласына ФСДИ дінтану орталығының аға ғылыми қызметкері Еңілік Қасабекова пікір білдірді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысы өз сұхбатында халықтың көкейіндегі бірқатар сұраққа жауап берді. Біріншіден, Қазақстан Республикасының жаңа ұстанған бағыты Әділетті Қазақстан орнату мен естуші мемлекет екенін баса айта отырып, кез келген ҚР азаматы заң шеңберінде өз дауысына ие екенін, кез келген уақытта өз шындығын заңды түрде мемлекетке жеткізе алатын мүмкіндіктері бар деді. Екіншіден, елдегі кез келген қылмыскердің шеніне, отбасылық жағдайына, экономикалық-әлеуметтік статусына қарамай, заң алдында бірдей жауапты екенін анық айтты. Үшінші маңызды сұрақ қаңтар оқиғасына қатысты  арандастыруға бағытталған әрбір қылмыс өз деңгейінде жазалатынын, сондай-ақ аңдамай от басқан кейбір көтерілісшілерге Президент тарапынан рақымшылық жарияланғанын да жеткізді. Жалпы сұқбат барысында соңғы жылдардағы елдегі оң өзгерістердің халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталғаны және мемлекеттің басты бағдары – халықтың жағдайын көтеру экономикалық тұрақтылықты орнату  екені де айтылды, – дейді ФСДИ дінтану орталығының аға ғылыми қызметкері Еңілік Қасабекова. 

Оның айтуынша, Президенттің ел басқарудағы ұстанған қағидаты – дипломатияның бірден-бір озық үлгісі. 

Қасым-Жомарт Кемелұлы жалпы ішкі және сыртқы саясатта ұлтаралық татулық пен толеранттылықтың сақтала отырып, еңбек ету қажеттігін баса айтты. Мысалы, көпшіліктің көкейіндегі Қытаймен қарым-қатынастың экономикалық бағытта дұрыс өрбуі қажет, себебі ҚХР Қазақстан үшін экономикалық жанданудағы басты стратегиялық серіктес екенін, екіжақты визасыз режимнің екі тарапқа да берері мол екенін, сауда-экономикалық байланысты нығайтудың алғы шарттары екенін түсіндірді. Жалпы алғанда, ел Президентінің ел басқарудағы ұстанған қағидаты дипломатияның бірден-бір озық үлгісі екенін айта кетуіміз қажет. Сондай-ақ ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрді сақтау, рухани байлықты арттыру, адамгершілік принциптерін бағалау секілді ұлттық кодымызды да естен шығармай, Жаңа Қазақстанға жету жолында ұштастыру қажеттігін де бағдарлайды, – деді аға ғылыми қызметкер.

Ол сондай-ақ 1 қаңтардан бастап қолданысқа енетін «Ұлттық қор – балаларға» жобасы елдегі қордалы мәселелерді шешуге көмектесетінін де тілге тиек етті. 

Сонымен қатар 18 жасқа толмаған әрбір қазақстандықтың шотына осы жылдан бастап ұлттық қордан пайда мөлшерінің бір бөлігі түсіп тұрады деген ақпарат заңды түрде өз күшіне енеді. Мұндай игі шаралар елдегі қордалы мәселелердің біразының түйінін шешуге бағытталған арнайы іс-әрекеттерді, жүйелі, кешенді басқаруды қажет етеді. Басшыны қолдау, өз тарапымыздан қолпаштау – азаматтық борышымыз. Еліміздің өркендегені, біздің де жетістігіміз екені сөзсіз. Ел бірлігі мен татулығын сақтай отырып, жаңа белестерді бағындыра беріңіз демекпіз, – дейді ФСДИ дінтану орталығының аға ғылыми қызметкері Еңілік Қасабекова.

Өзгелердің жаңалығы