Президент докторантураға қабылданатындардың санын тиісті деңгейге жеткізуді тапсырды

12 Сәуір 2023, 15:19
592
Бөлісу:
Президент докторантураға қабылданатындардың санын тиісті деңгейге жеткізуді тапсырды
Фото: massaget.kz

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Университеттердегі ғылымды жүйелі түрде дамыту үшін ғылыми мекемелердің ауқымды желісін қалыптастыру қажет. Аймақтарда академиялық артықшылық орталықтарын, сондай-ақ технопарктер, инжиниринг хабтары мен зертханалар ашуды тапсырамын. Бұл ретте аймақтың ерекшелігімен қатар, ғылыми-технологиялық және экономикалық даму басымдықтарын ескеру маңызды. Ғылымды мемлекет тарапынан қаржыландыруға ғалымдар, нақтырақ айтқанда псевдоғалымдар «майшелпек» ретінде қарамауы керек екенін баса айтқым келеді. Қаржы гранттарының көбінесе ғылыми маңызы, өзектілігі жоқ жобаларға берілетіні ешкімге жасырын емес. «Парасат» ғылыми холдингінде болған өкінішті жағдай – осының анық мысалы. Бөлінген қаражаттың бәрі құмға сіңген судай болды. Ал оның бұрынғы басшысы, химия ғылымдарының докторы Америка азаматтығын алып, отбасымен бірге елден кетіп қалды. Еліміздегі зерттеу университеттерінің санын біртіндеп көбейту қажет. Шетелдің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу тәжірибесін жалғастыру керек, - деді ол.

Президент өкілетті органдарға докторантураға қабылданатындардың санын тиісті деңгейге жеткізуді тапсырды.

Сондай-ақ ғылыми-жаратылыстану, инженерлік-технологиялық және әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы мықты ғылыми орталықтар мен институттарды ашу жөніндегі кешенді жоспарды іске асыра бастаған жөн. Бұдан бөлек, қазіргі ғылыми-зерттеу институттары қызметінің тиімділігіне сараптама жасау өте маңызды. Сондай-ақ жас ғалымдарға тартымды болу үшін институттардың жұмыс істеу тәсілдерін жетілдіру керек. Ғылыми кадрларды даярлаудың мәні зор. Бүгінде университеттердегі ғылыми зерттеу жұмыстарының негізгі қозғаушы күші – докторанттар. Әйтсе де олардың саны біздің жоғары оқу орындарында білім алушылардың 1 пайызына да жетпейді. Өкілетті органдарға докторантураға қабылданатындардың санын тиісті деңгейге жеткізуді тапсырамын. 5 мың жеткілікті цифр деп ойлаймын. Министрлік бұл мәселені қайта қарап, оның нақты саны мен санатын анықтауы және тисті шешім қабылдауы қажет, - деді Президент.

Өзгелердің жаңалығы