Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында логистика инфрақұрылымын дамытуға баса мән беру қажет екеніне баса назар аударды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президент атағандай, бұл - еліміздің өсіп-өркендеуіне ықпал ететін маңызды фактордың бірі.
Қазіргі таңда логистика мәселесімен барлық елдер айналысуда. Дамыған көлік логистикасы болмаса, тіпті, бүгінгі күшті ел ертең құрдымға кетеді. Келесі жылы елімізде «Бақты – Аягөз» теміржол желісі іске қосылады. Жаңа бағыттың арқасында Қытаймен арадағы жүк өткізу мүмкіндігі 20 миллион тоннаға артады. Тамыз айында «Арал – Каспий» күре жолының құрылысы басталды. Бұл жоба Транскаспий дәлізінің қашықтығын шамамен 1 мың шақырымға қысқартып, жүк жеткізу мерзімін үш күнге дейін азайтады, - деді ол.
Тоқаев Үкімет осы салада қолға алынған барлық жобаның сапалы әрі уақытылы орындалуын қатаң бақылауға алатынын атап өтті.
Әлемдік логистика ауқымды трансформация мен жедел даму кезеңіне қадам басты. Теңіз жолдарының осалдығы құрлықтағы көлік дәліздерінің стратегиялық маңызын арттырды. Қазақстан осы тарихи мүмкіндікті пайдаланып, Еуразияның жетекші логистикалық орталығына айналуы керек. Қазірдің өзінде Қытайдан Еуропа құрлығына бағытталған жүк тасымалының шамамен 85 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Алайда қазіргі қолайлы жағдайға қанағаттану болашақта өзгенің соңынан ілесіп жүруге мәжбүр етеді, - дейді Президент.
Мемлекет басшысы қазірден бастап халықаралық жүк ағындарын толыққанды ұйымдастырушы деңгейіне көтерілуіміз қажет екенін айтты. Бұл ретте отандық логистикалық операторларды дамытуға, жүктерді шоғырландыру және тарату орталықтарын құруға ерекше мән берген жөн. Сонымен қатар Тоқаев көлік тораптарының айналасында жаңа өндіріс орындары мен сауда алаңдарын қалыптастыру маңызды деп санайды.