Президент «Болашақ ойындарының» маңызын атады

29 Шілде 2026, 18:23
АВТОР
 ©BAQ.KZ/Артем Чурсинов 29 Шілде 2026, 18:23
29 Шілде 2026, 18:23
263
Фото: ©BAQ.KZ/Артем Чурсинов

«Болашақ ойындары» – елдеріміз арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтатын мағынасы айрықша тарихи іс-шара. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық мультиспорт турнирінің ашылу салтанатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін «Болашақ ойындары-2026» халықаралық сайысын бастаймыз. Бұл елдеріміз арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтатын мағынасы айрықша тарихи іс-шара. Бүгінгі дода биыл Қазақстанда алғаш рет өткізіп жатыр. Біз үшін бұл зор мәртебе, - деді Президент.

Мемлекет басшысы атап өткендей, «Болашақ ойындары» - Ресейдің бастамасымен жүзеге асырылған жоба. Президенттің сөзінше, жарыс аз уақыт ішінде жаһандық деңгейдегі сайысқа айналды.

Елордамызға 30-дан астам мемлекеттен 800-ге жуық спортшы келді. Астанадағы «Болашақ ойындары» классикалық спорт пен кибериндустрияны тоғыстырған жаһандық фиджитал тың серпін береді деп сенемін. Қазір бүкіл әлемде түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Озық технологиялар барлық салаға еніп, адамдардың тұрмыс-тіршілігіне ықпал тигізіп жатыр. Жаңа дәуірдің талаптарына сай болу үшін біз толық цифрланған мемлекет құруға кірістік. Қазақстан Парламенті Цифрлық кодекс және «Жасанды интеллект туралы» арнайы заң қабылдады. Бұл заңдар аса маңызды саланың дамуына серпін берді. Басқаша айтсақ, бұл қадам еліміздің озық мемлекеттер қатарына қосылуына айқын дәлел болды, - деп айтты Тоқаев салтанатты жиында сөйлеген сөзінде.

1 шілдеде еліміздің жаңа Конституциясы заңды күшіне енді. Бас құжатта еліміздегі жасанды интеллектінің жоғары қарқынмен дамуына және азаматтардың цифрлық әлемдегі құқығын қорғауға нақты кепілдік берілді.

Біз осы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияладық. Осылайша цифрлық болашаққа нық сеніммен аяқ бастық. Бұл - мемлекетіміздің алдында тұрған аса маңызды стратегиялық мақсат. Осы міндетті біз бәріміз біртұтас қоғам ретінде табысты іске асыруымыз қажет. Сондықтан қазір елімізде жаңа заманға қажетті мамандар даярлау ісі тұрақты түрде жүзеге асырылып жатыр. Қазақстанда AI Sana мемлекеттік бағдарламасы арқылы қазірдің өзінде жүздеген мың азамат тиісті құзыреттер мен дағдыларды меңгерді, - деп айтты Мемлекет басшысы.

Президенттің сөзінше, биыл күзде Астанада Жасанды интеллект университеті ашылады. Елімізде нейрожелі көмегімен түсірілген фильмдердің халықаралық фестивалі өтеді. Сондақ-ақ келесі жылы елордада Халықаралық киберспорт федерациясының қолдауымен әлемдік дода ұйымдастырылады.

Бұл Қазақстанда іске асырылып жатқан ауқымды бастамалардың бір бөлігі ғана, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Іс-шараның ашылу салтанатына Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қатысып жатыр. 

Еске сала кетейік, Астанада 29 шілде – 9 тамыз аралығында өтетін сайыста 34 елден 800 спортшы бақ сынайды.

Наверх