Президент бизнесте шешуді талап ететін басым міндеттерді атады

12 Қыркүйек 2023, 18:15
1639
Бөлісу:
Президент бизнесте шешуді талап ететін басым міндеттерді атады
Фото: Ақорда

Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық бизнес өкілдерімен кездесуі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі мәлім етті.

Президент шешуді талап ететін басым міндеттерге тоқталды. Ол айтып өткендей, заң үстемдігін және жеке меншіктің қорғалуын қамтамасыз ету қажет.

Енді уақыт оздырмай шешуді талап ететін басым міндеттерге тоқталайын. БІРІНШІ. Заң үстемдігін және жеке меншіктің қорғалуын қамтамасыз ету қажет. Бұл – кәсіпкерлікті дамытудың және инвестиция тартудың негізгі шарты. Алайда оны мүлтіксіз сақтау үшін жүйедегі бірқатар түйткілді шешу қажет. Мәселен, бақылаушы органдар мен соттар заң бұзушылықтың формальды белгілерін анықтаған кезде, оның мән-жайын тексеру қағидатын басшылыққа алмайды. Кәсіпорын қызметіндегі кез келген, тіпті болмашы қателіктің өзі көбіне қылмыс сияқты қаралады. Нәтижесінде еліміздің экономикасы ұдайы қылмыстық-құқықтық қысымға ұшырайды. Осы жиынға қатысып отырған құқық қорғау органдарының басшылары бұл мәселеге айрықша назар аударғаны жөн. Бизнестен күштік құрылымдардың әрекеттеріне қатысты арыз-шағымдар толассыз түсіп жатыр, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзінше, қылмысқа, оның ішінде экономикалық сипаттағы қылмысқа қарсы күрес тек қана заң аясында жүргізілуі керек.

Мұндай асырасілтеушілік мемлекеттің мүддесіне ғана қайшы келмейді, сонымен қатар Қазақстанның абырой-беделіне нұқсан келтіріп, менің бастамаларыма халықтың сенімін азайтады. Бізге қадағалаудың теңгерімді механизмін құру қажет. Мен бұған дейін әрбір маңызды инвестициялық жобаның жүзеге асырылуын бақылау үшін қадағалаушы органнан бір қызметкерді бекіту туралы бастама көтердім. Алайда бұл мәселеде айтарлықтай нәтиже жоқ. Президент Әкімшілігіне Бас прокуратурамен және Бизнес-омбудсменмен бірлесе бір айдың ішінде тиісті ұсыныс енгізуді тапсырамын, - деп атап өтті ол.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы бүгінде қылмыстық және азаматтық істердің небәрі 5 пайызы ғана кассацияға жолданатынын айтты.

Бұл өте аз және азаматтардың сұранысына сәйкес келмейді. Сондықтан заңгерлер және кәсіпкерлер қоғамдастығымен өз алдына бөлек кассациялық инстанция құру мәселесі жөнінде кеңес өткізу қажеттігі пісіп жетілді деп ойлаймын. Судьялар корпусы бұл қадам азаматтардың құқықтарын сапалы қорғауға мүмкіндік береді деп санайды. Президент Әкімшілігі бұл мәселені қолға алады. Кассациялық сотты құру жөнінде ортақ пікірге келсек, сот жүйесінің бюджетін ұлғайтуға жол бермейміз. Бизнестің заңды мүддесін сақтау және қорғау – бұл біздің басты міндетіміз. Сондықтан әкімшілік әділетті айтарлықтай күшейтіп, оның қолданыс аясын кеңейту қажет. Бұл іс жүзінде өзінің қажеттілігін және тиімділігін көрсетті, - деді Тоқаев.

Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде сот шешімдерінің 60 пайыздан астамы азаматтар мен бизнестің пайдасына шешілетінін айтты (бұрын 15% пайыздан кем болған). 

Бұл оң үрдіс, әйтсе де асырасілтеушілікке және құбылушылыққа жол беруге болмайды. Сонымен қатар мемлекеттік аппараттың бизнесті сотқа жүгінуге мәжбүр ететін кемшіліктерді түзету жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмейді. Үкіметке Жоғарғы Сотпен және Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, мемлекеттік органдар қызметіндегі теріс әрекеттерге мұқият талдау жасауға және оларды жою үшін пәрменді шаралар қабылдауға тиіс. Қайталап айтамын. Мемлекеттік аппараттың міндеті – еліміздегі заңды кәсіпкерлік қызметке жан-жақты көмек көрсету. Заңды бұзып, бизнеске қандай да бір кедергі жасау – мемлекеттік сипаттағы қылмыс. Мен, Президент ретінде, Қазақстанды бизнеске, соның ішінде ірі, орта және шағын кәсіпкерлікке өте қолайлы жағдай жасалған елге айналдыруды өз міндетім деп санаймын, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы