Президент білікті маман дайындауда алдымызға үлкен міндеттер қойды – ректор

1 Қыркүйек 2021, 21:32
2938
Бөлісу:
Президент білікті маман дайындауда алдымызға үлкен міндеттер қойды – ректор

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Президент бүгінгі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қай сала болмасын сапалы маман даярлау қажеттігін айтты. Бұл туралы Қазақ инженерлік-технологиялық университетінің ректоры Гүлнәр Сәрсенбекова пікір білдіру кезінде айтты.


Оның айтуынша, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі халыққа Жолдауы білім күні қарсаңында өтуі тегін емес. Президент өркениетті елдер қатарына қосылу үшін алдымен сапалы мамандар даярлауға көңіл бөлу қажеттігін айтқан.


Президент өз Жолдауында қай сала болмасын сапалы маманның қажеттілігі туралы айтып өтті. Шын мәнінде қазір қаржылық секторға қаншалықты сапалы мамандар қажет екендігін көрсетті. Ол бүгінгі заманның талабы. Екіншіден Президент IT саласына тоқталды. Бүгінгі цифрландыру жұмысы жүріп жатқан кезде ІТ саласының сапалы мамандарын дайындауымыз керек. Қазіргі кезде 100 мыңнан астам маманның жетіспейтіні айтылды. Биыл біздің университетке тапсырған студенттердің басым көпшілігі осы ІТ мамандығын таңдаған,-дейді Г. Сәрсенбекова.

 
Ректор сонымен қатар Президент аулы шаруашылығын көтеру тұрғысында кешенді шараларды іске асыруды тапсырғанын жеткізді.


Президент сондай-ақ ауыл шаруашылығына үлкен мән беру керектігін айтты. Кезінде ауыл өнеркәсібін қалай көтердік, сол секілді ірі реформалар мен кешенді бағдараламалар қажет екенін айтты. Бүгінгі таңда біздің университетімізде ауыл шаруашылығы мамандарын дайындауда бірнеше бағдарлама іске қосылған. Олардың сапалы жүзеге асуына біздің академиялық қалашықта орналасқан Ғылыми зерттеу институттарының ғалымдары мен ғылыми қызметкерлердің еңбегі зор екенін атап өткім келеді. Осы ғылыми институттармен бірлесе отырып, біздің студенттер азық-түлік өнімдерін өңдеуде, тағам өндірісі, ауыл шаруашылық саласына қатысты ғылыми жұмыстарды бірлескен зертханаларында жүзеге асырып жатыр,-дейді ол.


Сонымен қатар ол Президент Жолдауында айтылған сапалы маман даярлау ісіне қатысты қандай шараларды іске асырып жатқандарын айтты.


Қасым-Жомарт Тоқаев сапалы маман дайындап қана қоймай, олар әлемдік өркениетті елдермен бәсекеге түсе алатындай болу керектігін айта келе, сапалы, білікті маман дайындауда алдымызға үлкен міндеттер қойды, оны біз сезінеміз. Сол үшін оқу бағдарламаларын сұранысқа сай етіп, өзгертіп, жаңартып отыруымыз керек. Бұл тұрғыда біздің ұжым университеттің 2021-2022 оқу жылының даму стратегиясын қайта қарап, сапалы маман дайындауда оқу бағдарламасының мазмұнын өте сапалы болуына ден қойды. Басты мақсат нарықтық экономикаға, бүгінгі сұраныс талабына, өндіріс пен индустрияның дамуына өз үлесін қоса алатындай маман дайындау,-деді ректор.

Өзгелердің жаңалығы