Президент ауруханаларының дайындығы нашар екі облысты атады

7 Қазан 2020, 14:02
1122
Бөлісу:
Президент ауруханаларының дайындығы нашар екі облысты атады
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Маңғыстау және Алматы облыстарында емханалар мен ауруханалардың дайындығы нашар екендігі анықталып отыр. Тоқаев КВИ індетінің ІІ толқынына дайындық мәселелері бойынша кеңес өткізу барысында осылай деді.

Оның айтуынша, қазақстандықтар жаз айларында дәрі-дәрмек тапшылығын айқын сезінді.

Біз жаз айларында дәрі-дәрмек тапшылығын айқын сезіндік. Менің тапсырмам бойынша нақты жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, екі айға жететін қор жасақталып, ең қажетті деген дәрі-дәрмектің тізімі ұлғайтылды. Оны сырттан әкелу және тіркеу тәртібі жеңілдетілді. Бірақ, өңірлерде дәрі-дәрмектерді тұрақтандыру қорларының көлемі және дайындық жұмыстары біркелкі емес. Мысалы, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында – екі жүз миллион теңгеден. Маңғыстау облысында – үш жүз миллион теңге. Ал Нұр-Сұлтан қаласында бір миллиард алты жүз миллион теңге, Алматыда – бес миллиард теңге, - деді Тоқаев.
Ол Маңғыстау және Алматы облыстарында коронавирустың екінші толқынына ауруханалардың дайындығы нашар екендігін айтты.
Денсаулық сақтау министрлігінің өңірлердегі дайындық барысына берген бағасымен таныстық. Соған сәйкес, Маңғыстау және Алматы облыстарында емханалар мен ауруханалардың дайындығы нашар екендігі анықталып отыр. Осы олқылықтарды Үкімет пен әкімдер дереу түзетуге міндетті. Үкіметке әкімдермен бірлесіп, екі апта ішінде тұрақтандыру қорларын белгіленген нормативке сәйкес жасақтауды және медицина инфрақұрылымының толық дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырамын, - деді Президент.


Өзгелердің жаңалығы