Президент Астана қандай қала болу керегін айтты

5 Шілде 2023, 11:03
1014
Бөлісу:
Президент Астана қандай қала болу керегін айтты
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өтіп жатқан бауырлас қалалар әкімдерінің форумында Астана қандай қала болу керегін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Астана – болашағы зор қала. Осы орайда, біз «жасыл қала» идеясын жүзеге асыруға айрықша мән береміз. Елордамыз, ең алдымен, тұрғындарға ыңғайлы қала болуы керек. Астана – аймақтағы ірі қаржы орталығы. Әлемнің 75 елінің 2 мыңнан аса компаниясы бизнес жүргізу үшін Астана халықаралық қаржы орталығын таңдады. Бүгінде Қаржы орталығы елімізге 8 миллиард доллар инвестиция тартты. Бұл – жақсы көрсеткіш, - деді Президент.

Оның сөзінше, әлемдік саясатшылар Астананы бейбітшілік алаңы дейді. Ұстанымы бөлек, мүдделері кереғар елдер осында бітімге келді.

Келешекте де Астана біздің геосаяси аймақтағы маңызды орталық ретінде дами бермек. Мен бұған кәміл сенемін. Бәсеке деңгейі жоғары және құбылмалы қазіргі әлемде қалалардың қарқынды әрі орнықты дамуы өте маңызды. Астаналар мен ірі мегополистер – мемлекеттің саяси, экономикалық және мәдени өмірінің өзегі. Олар мемлекеттердің өркендеуінде жетекші рөл атқарады. Инвестицияларды, инновациялық технологияларды, ең бастысы, адами капиталды тарта отырып, қалалар орасан зор күш шоғырланатын ортаға айналады. Адамдар және олардың шығармашылық қуаты, бірегей білімі, креативті идеясы мен отаншылдық рухы – ұлт жетістігінің негізгі факторы, - дейді Мемлекет басшысы форумда.

Тоқаевтың айтуынша, осы себептен қалаларды тиімді басқару және урбанистикадағы жаңа үрдістерді жүйелі зерделеу қажет. Бұл мәселе болашаққа ұмтылған әр мемлекет, әрине Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие бола бастады.

Еске сала кетейік, Елордада Астананың 25 жылдығына арналған бауырлас қалалар мэрлерінің форумы өтіп жатыр. Форумда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегіне лайықты, әділетті баға беру керек екенін атап өткен болатын.

Өзгелердің жаңалығы