Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықбаевты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
"Мемлекет басшысына Ақмола облысының биылғы 8 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, сондай-ақ келесі жылы Көкшетау қаласында өтетін Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығы форумына дайындық барысы баяндалды", - делінген хабарламада.
Қазақстан президенті өңірде агроөнеркәсіптік кешен мен туризм саласының әлеуетін нығайтудың маңыздылығын айтып, әкімге жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселесін тапсырды. Сондай-ақ, ол балалар мен жастарға қолжетімді инфрақұрылым нысандарын салу қажеттігін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Маржықбаевқа Ақмола облысын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімованы қабылдады.
"Кездесу барысында Мемлекет басшысы жаңадан тағайындалған Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімованың құзыретіне кіретін негізгі бағыттары мен міндеттерін айқындап берді", - деп хабарлады Ақордада.
Сондай-ақ, Президент жаңа уәкілге құқық қорғау қызметі бойынша Парламентпен және Үкіметпен, сонымен қатар, халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды нығайту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.