Президент: АЭС құрылысын тездету қажет

28 Қаңтар 2025, 13:00
232
Бөлісу:
Президент: АЭС құрылысын тездету қажет
Фото: BAQ.KZ - архив

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атом электр стансасының құрылысын тездету қажеттігін тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Энергия тапшылығы артып келеді. Сондықтан алғашқы Атом электр стансасының құрылысын тездету қажет. Жалпы елімізде ядролық кластер құру ісін қолға алу керек. Бұл еліміздің болашақта ойдағыдай дамуына қатысты аса маңызды міндет, - деді ол.

Тоқаев Үкіметке "Самұрық-Қазына" қорымен бірлесіп, атом саласын дамытудың ұзақ мерзімге арналған жоспарын әзірлеуді тапсырғанын еске салды.

Нақты нәтиже керек. Жан-жақты талдау жүргізіп, атом электр стансаларын салуға барынша қолайлы жерлерді, сондай-ақ заманауи және қауіпсіз технологияларды анықтау қажет. Үкімет пен Парламент екінші ядролық стансаны қай аймақта салу қажет екені жөнінде маған ұсыныс беруі керек. Бірақ атап өткім келеді: елімізге ядролық қуат керек, онсыз Қазақстан келешекте ойдағыдай дами алмайды, - деп айтты Мемлекет басшысы Үкіметте.

Тоқаев қуат жеткілікті болса, барлық аймақтар гүлденіп, өркендей түседі, халықтың тұрмысы жақсаратыны анық екенін қоса кетті.

Өзгелердің жаңалығы