Премьер-министр Ақтөбе облысына келді

14 Мамыр 2022, 01:11
2131
Бөлісу:
Премьер-министр Ақтөбе облысына келді

Ақтөбе облысы. BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов келді. Іссапар аясында Үкімет басшысы Ақтөбе қаласындағы «Білім» мектеп-гимназиясын, жаңа облыстық перинаталдық орталығын, сондай-ақ «Dina Market» ЖШС-нің көтерме-тарату орталығын аралады.

Бүгінде «Білім» мектеп-гимназиясында 3 мыңнан астам бала білім алады. Өткен жылы ашылған білім ордасында 48 оқу және 5 компьютерлік кабинет, екі шеберхана, спорт залы, 500 орындық акт залы, 500 орындық асхана бар.

Үкімет басшысы мектептегі бастауыш сынып және робототехника кабинетін, спорт және акт залдарын аралап шықты.

Премьер-министр Ақтөбе облысына келді

Бұдан кейін Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Премьер-Министрге өңірдегі білім беру саласының дамуы жайлы айтып берді.

Былтыр облыста 20 мектептің құрылысы басталып, 12 мектеп қолданысқа берілді. Осылайша үш ауысымды 9 мектептің бесеуінің мәселесі шешілді. Биыл өңірде 11 мектеп қолданысқа беріледі, сонымен қатар жеке инвестордың есебінен бір мектеп салынады. Жалпы өңірде 2025 жылға дейін 54 мектеп пайдалануға берілмек, – деді О.Оразалин.

Ал Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінованың айтуынша, бүгінде облыста 10 мыңға жуық бала балабақшаны қажет етеді. Осы орайда биыл 26 балабақша пайдалануға беріледі.

Премьер-министр Ақтөбе облысына келді

Сондай-ақ биыл жоғары және арнаулы оқу орнына түсетін талапкерлерге 400 грант бөлу жоспарлануда. Бұдан бөлек, облыс орталығында колледждер жанынан екі жатақхана салынады, – деді ол.

Білім ордасын аралап шыққан Үкімет басшысы облыс әкіміне балабақша мен мектептің санын көбейтіп, сұранысты толығымен қамтамасыз етуді, сондай-ақ колледждерді тәмамдаған жас мамандардың еңбекке орналасуына жағдай жасауды тапсырды.

Биыл Ақтөбе облысына қосымша 30 миллиард теңге бөлінді, оның ішінде білім беру саласына да қосымша қаржы бөлінеді. Жалпы қарқындарыңыз жаман емес. Осы қарқындарыңызды жалғастырыңыздар, – деді Үкімет басшысы.

Бұдан соң Премьер-Министр былтыр облыс орталығында қолданысқа берілген облыстық перинаталдық орталыққа барды. Мамандармен тілдесіп, орталықтың жұмысымен танысты.

Үкімет басшысының айтуынша, былтыр облыста нәрестелер өлімі 29 пайызға артқан.

Алдағы уақытта жаңа перинаталдық орталықтың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, нәресте өлімін азайту керек. Сондай-ақ мамандар тапшылығын шешу бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізу қажет, – деп тапсырды облыс әкіміне Әлихан Смайылов. 

Үкімет басшысы «Dina Market» ЖШС-нің көтерме-тарату орталығына да барды. 

Батыс Қазақстан аумағындағы «а» санаттағы өнімдердің алғашқы өткізу қоймасы ретінде құрылған бұл орталық тауарларды тасу кезінде аралық байланыстар санын азайтады. Бұл өнімнің бағасына оңды әсерін тигізеді. Мұндағы тауарлар «Дина» сауда желілерімен қатар қаладағы басқа да дүкендерге таратылады. 

Орталықтың жұмысымен танысқан Әлихан Смайылов:

Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру Қазақстанда ғана емес, дүниежүзінде болып жатқан мәселе. Біріккен Ұлттар Ұйымының деректері бойынша соңғы 12 айдың ішінде дүниежүзінде азық-түлік бағасы 36 пайызға қымбаттаған. Соның салдары бізге де әсер етуде. Дегенмен себепсіз бағаның өсуіне жол бермеуге тиіспіз, – деді.

Премьер-министр көтерме-тарату орталығының жұмысына жақсы баға беріп, биыл отандық тауар өндірушілерді қолдау үшін ауыл шаруашылығы саласына екі есе қаржы қарастырылғанын жеткізді. 

Өзгелердің жаңалығы