Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін еліміздің түкпір-түкпірінде жария пікірсайыстар бастау алды. Nur Otan партиясының праймериз кестесіне сәйкес өткізілуде. Nur Otan партиясының Қостанай облыстық кадрлық резервіне 843 үміткер бар, олар 164 топқа бөлінген.
Аймақтағы партияішілік іріктеуге түскен кандидаттардың алғашқы пікірсайысы «СарыарқаАвтоПром» ғимаратында өтті. Үміткерлер өздерінің сайлауалды бағдарламаларын ортаға салып, пікірсайыс қатысушылары мен тікелей эфир қатысушыларын толғандыратын сұрақтарға жауап берді.
Праймериздің пікірсайысына бастау беріп отырмыз. Қатысушылары топ-топқа бөлінген, әрбір топта алты адамнан. Бүгін, міне, алғашқы топ таласқа түсіп жатыр. Жалпы пікірталас екі кезеңге бөлінген. Алғашында кандидаттар өз мақсаттарымен бөліседі әрі қарай бір-бірінің сұрақтарына жауап береді. Пікір алмасу барлық санитарлық ережелерді ескере отырып өткізілуде. Жария пікірсайыс және жалпы праймериз мақсаты – қоғамдық пікір қалыптастыратын азаматтар мен тұрғындар мұң-мұқтажын білетін партия мүшелерін анықтау. Сайысқа қатысушылар өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Негізінен, айтылған пікірлердің дені облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты болды, - деп атап өтті Nur Otan партиясы Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Эльдар Күзенбаев.
Кандидаттар тұрғындардың әл-ауқатын арттыру жөнінде бірқатар ұсыныс айтты. Атап өтсек, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және кәсіпорындарда еңбекті қорғауды жетілдіру.
Пікірсайыстың толық процессі Nur Otan партиясы филиалдарының ресми аккаунттарында тікелей эфирде көрсетілді.
Естеріңізге сала кетейік, партияішілік сайлау 1-3 қазан аралығында өтеді.