Чехия астанасы Прагада екі жолаушылар пойызы соқтығысып, салдарынан 46 адам жарақат алды. Олардың төртеуі ауыр жағдайда. Оқиға қаланың орталығындағы Бас вокзал маңындағы теміржол көпірінде болған.
DW мәліметінше, апат жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 07:00 шамасында тіркелген. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, екі пойыз да төмен жылдамдықпен қозғалған. Зардап шеккендердің арасында Украинаның 15 азаматы бар.
Оқиғадан кейін аудандық бағыттағы теміржол қатынасы шамамен екі сағатқа тоқтатылды. Апат орнына полиция, өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем қызметкерлері жұмылдырылды. Таңғы сағат 09:00-ден кейін Бас вокзалдағы төрт платформаның жұмысы қайта жанданды.
Пойыздардың бір жолға қалай шыққаны әзірге белгісіз. Чехияның көлік министрі Иван Беднарик оқиғаны «өте ауыр жағдай» деп атап, апаттың себептері мен мән-жайы анықталып жатқанын мәлімдеді.
Алдын ала есеп бойынша, материалдық шығын көлемі кемінде 650 мың еуроны құрайды.