Жамбыл облысында жүк пойызына мініп, әкесіне бармақ болған балалардың бірі ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Аурухананың қабылдау бөліміне 2015 жылы дүниеге келген Рамазан Рахатұлы жедел жәрдем көлігімен жеткізілген.
Жеті жасар сәби аруханаға жеткенде ес-түссіз, жағдайы өте ауыр болған.
Бала Жамбыл облысына қарасты Билікөл ауылы тұсында жүріп келе жатқан жүк пойызынан секіріп түскен кезде ауыр жарақат алған.
Бала дереу жансақтау бөліміне жатқызылып, реанимациялық шұғыл медициналық көмек көрсетілді.
Өкпені жасанды желдету аппаратына қосылып, Тараз қаласынан санавиациямен нейрохирург дәрігер жеткізілген.
Алайда, сәби жарақатының ауыр болуы салдарынан бүгін сағат 11:40-та көз жұмды.
Ал 2013 жылы дүниеге келген Құмгелді Нұрәли Рахатұлының миы шайқалған, оң жақ самай тұсында жарақаты бар.
Ол Талас аудандық орталық ауруханасының хирургия бөліміне жатқызылды. Жалпы жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр.
Бұған дейін Жамбыл облысында екі бала пойыздан секіріп кеткендігі туралы жазған болатынбыз.